Арыс халқына 100 мың теңгенің карталары таратыла бастады

0
50
Сурет: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Арыс қаласында тіркеуде тұрған тұрғындардың барлығына 100 мың теңгелік карта таратылады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Қазіргі уақытта екі ауыл мен Арыс қаласындағы 17 секторда банк карточкалары таратылып жатыр. Қызылорда, Жамбыл және Шымкенттен “Халық банкінің” 120 қызметкері Арысқа арнайы келіп жұмыс жүргізу үстінде. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев, ақшаны алудың тәртібін түсіндірді.

“Қазірге дейін 33 мың банк карточкасы жасалды. Еліміз егемендігін алғанан бері дәл бұлай, бір айдың ішінде осыншама құжат жиналып, 33 мың карточканы дайындау деген болған емес. Дайын болғандары таратылып жатыр. Әзірге ақша салынған жоқ. Яғни, 100 мың теңгені 12 тамыздан бастап ала алады. Ал қазіргі негізгі жұмыс карточканы тарату. Демек, барлығы түгел қол жеткізгенде ақшаны түсіреміз. Ең көп 9 секторда 3771 құжат жиналған. Қаланы көше-көшеге бөлдік”, – деді облыс әкімінің орынбасары Ж.Аманбаев.

Айта кетейік, өтемақы қаржыны Республика көлемінде “Халық банкінің” кез келген банкоматынан алуға болады. Қаржының түскен немесе түспегенін анықтау үшін, карточканы банкоматта 3-реттен артық қолдануға болмайды. Себебі 3 реттен артық қолданған жағдайда банктік комиссия төлемі ұсталады. Сонымен қатар сот шешімдерімен қарыздары болған азаматтарға төлем карточкалары ашылмайды. Мұндай жағдайда азамат сенімді өкіліне нотариалды сенім білдіре отырып, өтемақыны сенім білдірген өкілі арқылы алуына болады. Ал үйлерінде болмаған азаматтар карточкаларын 2019 жылдың 15 тамызынан бастап, Арыс қалалық “Халық банк” филиалдарынан алуына болады. Карточкаға түскен қаржыдан банктің комиссиялық төлемдері ұсталмайды.

Айта кетейік, Арыс қаласында халық банкінің 12 банкоматы қойылған. Сонымен қатар қосымша тағы 7-8 банкомат орнатылмақ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз