Еуропарламент Қазақстанға қатысты қарар қабылдады

0
240
 Еуропарламент ғимараты.

20 қаңтар күні Еуропарламент Қазақстандағы қаңтар оқиғасына қатысты қарарды қабылдады. Қарарға дауыс беру кезінде 671 депутаттың 589-ы қолдады, 35-і қарсы шығып, 47-сі қалыс қалды. Осылайша Қазақстандағы адам құқығына қатысты бұл қарар басым дауыспен мақұлданды. 

Еуропарламент Қазақстанға қатысты қарарға дауыс беріп жатқанда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де “Қазақстан халықаралық міндеттемелеріне және адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы әмбебап қағидаттарға бейілдігін сақтайды. Біз саяси жаңғыруға негізделген бағытымызды ешқашан өзгертпейміз” деп жазды.

Еуропарламенттің бір топ депутаты Қазақстандағы қаңтар оқиғасы бойынша ұсынған қарары 19 қаңтарда талқыланған. Құжат авторлары Тоқаевтың қаңтардағы тәртіпсіздік кезіндегі “ескертусіз оқ ату” туралы бұйрығын, адамдардың “жосықсыз ұсталып”, “азапталып жатқанын” айыптап, жауапты шенеуніктерге санкция салуды ұсынды. Депутаттар арасында оқиғаға байыппен қарап, асығыс шешім қабылдамауға шақырғандар да болды.

Қарар жобасында қаңтар оқиғасы қалай өрбігені сипатталып, 27 тармақтан тұратын мәлімдеме жасалған. Оның ішінде құқық қорғау ұйымдарды саяси себеппен қудамалау, адамдардың бейбіт жиналуына кедергі келтірмеу, жосықсыз ұстау мен азаптауды доғару, адам құқығына қарсы қылмыстарға жауаптыларға жеке санкция салу секілді талаптар бар.

Талқылауда сөйлеген депутат Виола фон Крамон-Таубадель (ханым) “Мемлекеттік институттарды қорғау – кез келген үкіметтің міндеті-ақ. Бірақ оны желеу етіп, күшті жосықсыз пайдалануға болмайды. [Қазақстанда] бейбіт шерушілер сөз еркіндігінен айырылып, “террорист” сөзі оңды-солды қолданылып жатыр” деген еді.

Еуропарламент депуттары Ресейдің ықпалы мол Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан әскер шақыру шешіміне де алаңдаушылық білдірді. Депутат Крамон-Таубадель мұның салдары ауыр болуы мүмкін деді. Ал Словакиядан сайланған Владимир Бильчик те интернеттің бұғатталғанын сөкті.

Еуропарламент – Еуропалық одақтың заң шығарушы органы. Оның қарарларының Қазақстанда құқықтық күші жоқ. Бірақ Еуроодақ пен Қазақстанның тығыз қарым-қатынасы тұрғысынан ондай құжаттар елеусіз қалмайды.

2 қаңтар күні Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауынан туған наразылық санаулы күнде Қазақстанның өзге аймақтарына тарап, арты тәртіпсіздікке ұласты. Билік ҰҚШҰ күштерін шақырып, ел президенті күш құрылымдарына ескертусіз оқ атуға рұқсат берді.

15 қаңтар күні Бас прокуратура сол күндері мәйітханаларға 225 адамның денесі жеткізілгенін, оның 19-ы полиция мен әскер қызметкерлері екенін айтты. Бірақ қаза тапқандардың аты-жөні жарияланбады. Билік қақтығысқа “сырттан ұйымдастырылған террористер” жауапты дейді, бірақ әлі күнге дейін бұл тұжырымына нақты айғақ келтірмей отыр. (RFL/RL)

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз