Иран мен Израиль тартысы

0
88
дереккөзден

Израиль мен Иран арасындағы кикілжіңге толы қарым-қатынас Мюнхендегі қауіпсіздік бойынша өтіп жатқан конференцияның басты күн тәртібінде болды. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Тегеранды төзімін тауыспауға шақырып, өткен аптада Израиль әуе-қорғанысы күштерімен апатқа ұшыраған ирандық ұшқыштың жайын еске салып, апат суреттерін қалың қауымға да көрсетті.

Израиль премьер-министрінің мәлімдеуінше, Иран бүгінде «әлемге орасан зор қауіп төндіруде».

Нетаньяхудың сөзінше, Иран Израильге лаңкестіктің әлегін оп-оңай іле салмайды. Иран үздіксіз қорғаныста болмақ. Қажет болса, Израильге шабуыл жасап жатқан Иранның одақтастарына да , Иранның өзіне де Израиль қарсы тұруға дайын.

Бірнеше сағат өткеннен кейін Мюнхенде сөз сөйлеген Иран сыртқы істер министрі Мұхаммед-Джавад Зариф Израиль премьер-министрінің мәлімдемесін «цирктағы шоуға» теңеді, деп жазады Euronews. Иран Сыртқы істер министрі Израиль жасаған мәлімдемеге қарамастан, Еуропа елдері көшбасшылары 2015 жылғы санкцияны қолдайтынына сенімді. Зарифтің мәлімдеуінше, Иранның қызығушылығы қанағаттандырылмаса, Иран бұл әрекетке жауап қайырады. Иран қол жеткізілген келіссөздерді бұзбақ емес.

2015 жылдың 14 шілдесінде Иран және халықаралық бітімдестіруші «алтылығы» (РФ, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Франция, Германия) иран атомы мәселесін шешу туралы көп жылдық тарихи келісімге қол жеткізді: БҰҰ ҚК, АҚШ және Еуроодақ тарапынан Иранға бұрын енгізілген экономикалық және қаржылық санкцияларды алып тастайтын бірлескен кешенді іс-қимыл жоспары қабылданды.Қазіргі АҚШ билік әкімшілігі келісімді аса қатты сынға алып, АҚШ үшін «ең нашар келісім» деп бағалауда. Ал МАГАТЭ (Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік) Иран өзіне жүктелген бар міндеттерді мінсіз орындауда деп мәлімдеді.

Иран мен Израиль қарым-қатынасы – геосаяси тартыс

Израиль мен Иран арасындағы ушыққан қарым-қатынас Таяу Шығыстағы ойға қонымсыз әрекеттерге жаһан назарын аударуда. Мәселен, жоғарыда Израиль премьер-министрі Нетаньяху атаған шабуыл (Израиль әуе-қорғаныс күштері Дамасктің оңтүстік-батысында Кисва қаласынан 15 шақырым аумақта орналасқан Иран әскери базасына шабуыл жасауы) соның жарқын дәлелі. Аталған жайттан кейін екі елдің қарым-қатынасы ғана емес аумақтағы геосаяси жағдай да кенет ушықты.

Израильдің Иран базасына не себепті шаубыл жасады деген сауалға «Маарив» басылымы Израильдің бүгін халықаралық аренада одақтастары жоқ, ал Иран мен Израиль арасындағы ашық шайқасқа АҚШ-та қол ұшын соза алмайды, себебі АҚШ өз дәрежесін «Араб көктемі» арқылы төмендетті деп жазады.
Өз кезегінде бірқатар сарапшылар Иран мен Израильдің әскери қақтығыстарына барлық аймақтық «ойыншылар» тартылады деп дабыл қағуда. Мәселен, Иран Сауд Арабиясын лаңкестік пен сионист режимін (сионизм-еврей халқын өздерінің тарихи отаны Израильде біріктіру мен жаңғырту мақсатын көздейтін саяси қозғалыс) қолдауда айыптады. Сонымен қатар Иран Саудияның Тегеранда болған екі лаңкестік әрекетке қатысы бар деп мәлімдеді. Иран мен Израиль арасындағы қақтығысқа ендігі кезекте Эр-Рияд жұмылдырылса, Таяу Шығыста үлкен алапаттың туындауы ғажап емес. Әлемдік БАҚ-та таралған гипотезаға сәйкес, өз кезегінде АҚШ өзінің Таяу Шығыстағы көздегенін жүзеге асыруда Израильге жақтасудан тайынбайды.

Сафина Саид

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз