Православтар шоқыну мерекесін атап өтті

0
115

Бүгін Христиан дінінің православ бағытын ұстанушылар шоқыну мерекесін атап өтті.

Орыс православ шіркеуінің қаңтардың 18-нен 19-ына қараған түнінде ұйымдастырған «Крещение Господня» діни мейрамына орай елордамыз Астанадағы барлық православ ғибадатханаларында құдайға құлшылық ету рәсімі өтті. Кеше діни қызметкерлер және шіркеуге келушілер кешкі сағат 19:30-да Константин және Елена атындағы собордан Есіл өзенінің жағалауына дейін жаяу жүріп өтті.

Сонымен қатар оң жағалауда М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы, «Гранд Алатау» тұрғын үй кешенінің және сол жағалауда «Столичный» саябағы маңындағы жағалауда (Амфитеатр мен The St. Regis Astana қонақ үйінің маңында) мұз ойылып, суға түсуге ыңғайлы етіп арнайы орындар дайындалды.

Қаңтардың сақылдаған аязына қарамастан, арнайы белгіленген орындарға келіп суға сүңгуге ниет білдіргендер саны аз болмады. Биыл былтырларға қарағанда жиналушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында суға түсу орындары көбейтілді.

Сондай-ақ суға түсетін орындарда сауда дүңгіршектері ашылды. Бұдан бөлек Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті суда құтқару қызметінің және Ішкі істер департаментінің қызметкерлері тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Жылыту пунктілері мен жедел жәрдем бригадалары қызмет көрсетуге дайын тұрды.

Крещение – наным бойынша, Яхья пайғамбардың Иордан өзенінде Иса пайғамбарды шоқындыруынан туындаған мейрам. Православ шіркеуінің жылына бір келетін Пасхадан кейінгі ең үлкен мейрамында мұзды суда шомылу барлық күнәлардан тазартып, сырқаттардан айықтырады деп есептеледі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз