13 шілде күні Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын кәмелетке толмаған қызының жоғалып кеткені туралы арыз жазған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері ауыл тұрғындарының бірінің үйінен дене жарақаты бар қыздың денесін тапқан.
Аталған факт ҚР ҚК-нің 99-бабы “Адам өлтіру” бойынша тіркелді. Сараптама тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Барлық жағдайлар анықталуда. Оқиға орнына Түркістан облысы ПД бастығы, облыс прокуроры, жедел тергеу тобы мен мен құзырлы органдар барды. Тергеу барысы Түркістан облысы полиция департаменті басшылығының жіті бақылауында. Бұл Түркістан облысы ПД баспасөз қызметінің ресми ақпараты.
Алайда, оқиға жергілікті тұрғындардың ашу-ызасын тудырып, жаппай шеруге шыққан. Мақсаттары қаскөйді полиция қызметкерлерінен тартып алып, сотсыз жазалау. Соның салдарынан полиция мен қара халық арасында қарсылықтар орын алуда.
Сондай-ақ, халықтың ашу-ызаға булығуына қаныпезердің титтей қызды айуандықпен өлтірілгенімен қоса, зорланған деген дерек. Бұл туралы құқыққорғаушы, #НеМолчиKZ қорының президенті Дина Таңсәрі мәлімдеді.
«Ақорда» мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған оқиғаға байланысты Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне мұқият тексеруді тапсырғанын және баланың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтатынын хабарлады.
Сонымен қатар, президент биыл шығарылған сот үкімінің заңдылығын қарастыру және адамға қатысты аса қауіпті қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту маңызды деп санайтынын айтты.
Айта кету керек, күдікті бұған дейін кісі өлтіргені үшін сотталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Биыл оған адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығын шектеу жөнінде үкім шыққан.