Алматы әкімі: блокпостта қаза тапқан полицейлердің отбасына пәтер беріледі

0
112
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев онлайн брифингте блокпостта қайтыс болған екі полиция қызметкерінің отбасына кәсіпкерлер тарапынан 2 пәтер алып беруді жоспарлағанын айтты.

“Өте өкінішті жағдай. Отбасы мен туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын. Қала әкімдігі бұл бағытта жұмыс жасады. Кәсіпкерлер тарапынан екі отбасыға 2 пәтер алып беру туралы ойластырып жатырмыз. Сондай-ақ, туыстар тарапынан айтылған барлық қаржылық мәселелерге барынша көмек көрсететін боламыз”, – деді Бақытжан Сағынтаев.

БЛОК-БЕКЕТТЕГІ АПАТ ТУРАЛЫ

  • 25 мамыр күні Алматыда мас жүргізуші блокпосты соғып өтіп, екі полиция қызметкері қаза тапты.
  • Полиция аға лейтенанты Жалғас Жанғазиев, алған ауыр жарақатынан жедел жәрдем көлігі келгенге дейін қайтыс болды.
  • Полиция сержанты Дастан Әбдіқанов ауыр жағдайда, қалаға жақын маңдағы ауруханаға жеткізілгенімен ауыр жарақаттан ес жимастан ауруханада көз жұмды.
  • Сол күні желіде апатқа себепкер болуы мүмкін күдіктінің суреті пайда болды. Суретте ол полиция қызметкерінің формасында болатын.
  •  Алматы полиция департаментінен Салтанат Әзірбек күдіктінің полицияға ешқандай қатысы жоқ екендігін айтты.
  • “Қазір форманы кез келген адам “Военторгтан” оңай сатып ала алатындығы жаңалық емес. Бұл қадағаланбайтын процесс. Мен тек қана ресми деректерге сенуді сұраймын”, – деп айтты ол өз сөзінде.
  • Ал келесі күні полиция департаменті жүргізуші осыған дейін 6 жыл құқық қорғау органдарында жұмыс істегенін айтты. Ол жұмыстағы міндеттеріне немқұрайлы қарағаны үшін қызметінен босатылған.
  • Бүгін қаза болған полиция қызметкері Дастан Әбдіқановтың жары күдіктінің соңғы сәтке дейін полиция қызметкері болғанын айтты. Ол марқұм жарының арын аяққа таптамай, тергеуді әділ өткізуді сұрап отыр.
  • “Кінәлі азамат полицияда жұмыс істемейді деген өтірік. Ол – органның қазіргі қызметкері. Менің күйеуіммен бірге түнгі ауысымға шығатын. Түнде оларға өзім тамақ алып барғанмын. Күйеуімнің әріптестерінің барлығын жақсы танимын. Шындықты айтыңыздар! Отбасын асыраушы азаматты өлтірген қаскөйді қорғамаңыздар! Марқұмдардың, біздің сүйіктілеріміздің арын аяққа таптамаңыздар!” – деді Дастан Әбдіқановтың жары.
  • Қазір 1994 жылы дүниеге келген күдікті екі адамның өліміне байланысты айыпталып, қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
  • Жүргізуші мас күйінде рөлге отырып, екі полиция қызметкерін өлтіргені үшін 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмірінің соңына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

  • Қасым-Жомарт Тоқаев блокпосттағы апат кезінде көз жұмған екі полиция қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттады.
  • ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Жанғазиев Жарас Сұлтанғалиұлы (марқұм) – Ішкі істер министрлігі Алматы қаласының Полиция департаменті Патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы;
  • ІІІ дәрежелі “Айбын” орденімен Абдықанов Дастан Маратжанұлы (марқұм) – Ішкі істер министрлігі Алматы қаласының Полиция департаменті Патрульдік полиция полкінің полицейі награтталды.

  • Қайғылы оқиғадан кейін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жүргізген қызметтік тексерістің қорытындысы бойынша басшылық қызметтегі 9 қызметкерге қатысты тәртіптік жаза қолданылды және 3 шенді қызметінен кетті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз