Аралдан тұщы су көзі табылды

0
188

Үлкен Арал теңізінің ұлтанынан ішуге жарамды су көзі табылды. Мұны өзбекстандықтар жақсылыққа балап отыр. Өйткені тұщы су қоры бұрын биологиялық қалдықтар көмілген, былайғы жұрт “Барсакелмес” деп атап кеткен аралдан табылған. 

Барлау жұмыстарын жүргізген көрші елдің өкілдері жалпы Қарақалпақстанның Шымбай, Тақтакөпір және Қара-ұзақ аудандарында тағы бірнеше су көздері бар екенін мәлімдеген. Соның негізінде биыл Арал теңізінің ұлтанынан өзбекстандықтар жалпы 50-ге жуық атрезиан қазып, құм басып қалған құдықтардың көзін аршуды жоспарлап отыр. Оған қоса оңтүстіктегі көршілер теңіздің қуаң тартқан бөлігін жасыл желекпен көмкеру және жағалаудағы халықтың әлеуетін арттыру мақсатында арнайы жол картасын жасаған.

24.kz хабарлауынша, бүгінге дейін 5,5 миллион гектар аумақты алып жатқан теңіз ұлтанының 400 мың гектарына сексеуіл мен қандым егілген. Алдағы он жылда оның көлемін бір миллион гектарға жеткізу жоспарланған. Арал теңізінің ұлтанынан жылына 100 мың тонна тозаң ауаға көретіледі. Соңғы жылдары тұзды жауын да жауа бастаған.

Сайдрасул Сангинов, эколог:

— Бұған дейін де Арал теңізінің аумағынан бірнеше су қоры табылған болатын. Дегенмен,бұл жолғы тұщы су көзінің шығуы қуанарлық жайт. Өйткені ішуге жарамды су көзі “Барсакелмес”, яғни “Возрождение” аралының аумағынан шығуы да біз үшін күтпеген жаңалық. Өйткені бір кездері дәл осы аумақ өте қолайсыз саналған. Әрі онда қауіпті қалдықтар көмілген. Өзбекстан президенті өткен жылдың тамыз айында Түрікменстанда өткен саммитте “Аралды құтқарудың халықаралық қорына” тың жобалар ұсынған еді. Мемлекет басшысының “Арал аумағында экологиялық инновациялық технологияларды қолдану” жөніндегі ұсынысы аймақ тұрғындарына қолайлы жағдай жасауға негіз болмақ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз