Бүгін Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев Орталық коммуникациялар қызметінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру тақырыбы аясында өткен брифингте елордада тұрғындарына қоғамдық көліктерге арналған жол карточкасын пайдалануды ұсынды.
Қала әкімінің айтуы бойынша Республика бойынша тек Астанада ғана қоғамдық көліктерді ауыстыру кезінде карточка қолданушылары үшін жеңілдік қарастырылған.
Әсет Исекешев: «Тек біздің қалада ғана жол карточкасын қолданушылар үшін бір автобустан екінші автобусқа ауысу кезінде жеңілдіктер қарастырылған. Алайда, карточка қолданғысы келмейтін азаматтар үшін мұндай жеңілдіктер болмайды. 180 теңге көлемінде сараланған тариф енгіземіз. Яғни, жол ақысы үшін қолма-қол ақша төлегісі келетіндер үшін тариф көлемі осындай болмақ. Сол себепті, арнайы карточкалар сатып алып, жол ақысы жеңілдіктерін қолдану әділ деп санаймын», – дейді.
Елорда әкімі қала тұрғындарын қоғамдық көлікте жүруге арналған карточкалармен қамтамасыз ету барысында «Қазір төлем карточкаларын ұсынатын кеңселер мен орталықтар санын арттыру бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Шамамен шілде айының ортасынан бастап, кез-келген тұрғын карточка алып, 90 теңге жол ақысымен жол жүре алады. Біз не себепті карточкаға толық көшуді ынталандырып отырмыз? Себебі, қала тұрғындары 100 процент карточкаға көшсе, онда біз осы салада нақты қанша қаражат бар екенін анықтай аламыз. Соның есебімен тарифтер және субсидия бойынша шешімдер қабылданады. Егер, жол ақысы 90 теңге көлемінде болса, онда әкімдік жылына шамамен 15 млрд теңге субсидия бөлуі керек болады», – деп мәлімдеді.