Астана әкімі: Тегін үй деген түсініктен арылу қажет

0
88
Астана халқы әкім қабылдауында. Сурет: Elordainfo

Қала әкімі Бақыт Сұлтановтың қабылдауында болған тұрғындардың көпшілігін баспана мәселесі мазалайды.

Елорда басшысының қабылдауына жазылғандардың дені көп балалы аналар. Олардың көтерген мәселесі — баспана, жұмыс және ерекше күтімді талап ететін балалары үшін жағдай жасау.

Elordainfo хабарлауынша, Бақыт Сұлтанов әкімдікке келген әрбір азаматты жеке қабылдап, қандай сұрақтар мазалайтынын тыңдай келе, орынбасарлары мен тиісті басқарма басшыларына тапсырма берді.

“Мен сіздерді қабылдауға және сұрақтарыңызға жауап беруге әрқашан әзірмін. Осында келген азаматтарды толғандырған сұрақтар мені де мазалайды. Бәрін қызықтыратын баспана мәселесі жайына келсек, қала бойынша коммуналдық тұрғын үй қорында баспана кезегінде 45 мыңнан астам адам тұр, оның 20 мыңнан астамы — түрлі әлеуметтік аз қамтылған топтарға жатады”, — деді Б. Сұлтанов.

Сонымен қатар, қала басшысы әкімдік тарапынан берілетін тұрғын үй сертификаттарының санын 2 мыңға дейін ұлғайтатынын айтып өтті. Өткен жылы құны 1 млн теңге тұрғын үй сертификаты,  бюджет саласының  100  қызметкеріне табыс етілген.

“Былтыр пайдалануға 180 пәтер, биыл 500 берілді. Қолдан келсе одан да асыруға тырысамыз. Тағы бір айтып кететін дүние, қала бюджеті түбі жоқ құдық емес, оның да шегі бар және жұмсалуы тиіс саласы бар. Көп азаматтар әкімдікте тұрғын үй қоры бар және оған бөлінетін бөлек қаражат бар деп ойлайды. Адам бір нәрсеге қол жеткізу үшін еңбектену керек. Сіз жұмыс істеңіз, еңбектеніңіз, бұл бағытта мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік жасалған. Сондықтан тегін үй деген түсініктен арылу қажет”, – деді қала әкімі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз