Астанада ҰОС ардагеріне 1,5 млн теңгеден беріледі

0
27

Астанада Жеңіс күніне орай әрбір Ұлы Отан соғысы ардагеріне 1,5 млн теңгеден беріледі, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі.

Астанада қазіргі уақытта Ұлы Отан соғысының 10 ардагері тұрады. Жеңіс күніне орай олардың әрқайсысы 1,5 миллион теңгеден алады.

Елордада тұратын 10 Ұлы Отан соғысының ардагерінің ең үлкені – 103 жаста, ең кішісі – 97 жаста. 

ЧАЭС қатысушылары мен мүгедектерінен бөлек, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген 436 адам 120 750 теңгеден алады. Олардың қатарында ҰОС кезеңінде қызмет еткен 13 әскери қызметші, фашистік Германияға қарсы іс-қимылдарға қатысқан жандар, Ленинградта блокада кезеңінде еңбек еткен азаматтар, концлагерьлердің кәмелетке толмаған тұтқындары, мүгедек болған әскери қызметшілер бар.

Өзге мемлекеттердің аумағындағы болған әскери іс-қимылдардың ардагерлеріне (Ауғанстандағы әскери іс-қимылдан басқа) – тәжік-ауған учаскесінде, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операциясында, Таулы Қарабақта этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан міндеттерді орындаған әскери қызметшілерге 35 АЕК (120 750 теңге) мөлшерінде төлемдер көзделген. Елордада 899 адам бар.

Тыл еңбеккерлері, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары, қайтыс болған ҰОС мүгедектерінің жұбайлары 9 мамырға дейін 11 АЕК (37 950 теңге) мөлшерінде төлем алады.

Айта кетейік, ардагерлерге тиісті төлемдер 27 сәуірден бастап беріле бастайды.

Сонымен қатар жергілікті бюджет қаражатынан Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне мынадай қызметтер тегін көрсетіледі:
– коммуналдық қызметтер үшін ақшалай өтемақы, ол ай сайын пәтердің ауданына байланысты 5-тен 8 АЕК-ке дейінгі мөлшерде бөлінеді;
– дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету;
– мерзімді басылымдарға жазылуға, моншаларға, шаштараздарға жылына бір рет баруға (жыл басында жеке шоттарына 6,5 АЕК аударылады) әлеуметтік көмек;
– санаториялық-курорттық емдеу қызметтері;
– қалалық жолаушылар көлігінде жеңілдікпен жол жүру;
– тіс протездеу қызметтері.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз