Астанада жолақысы қымбаттады

0
57
дереккөзден

21 шілдеден бастап Астанадағы қоғамдық көліктерде жол ақысы екі есеге қымбаттады. Картасыз жолаушылар енді бұрынғыдай 90 теңге емес, 180 теңге төлеуге мәжбүр. Ал экспресс-автобустарда төлемақысы бірден 250 теңгеге шарықтады. Жеңілдігі бар азаматтарға қоғамдық көліктердегі төлем жүйелері бұрынғыдай қалады.

Көліктік картадан алғашқы мінген қоғамдық көлікке төлем жүргізілгеннен кейін, төлем бір сағат көлемінде жарамды.

Қала сыртындағы тұрғындарға жолақысы қанша?

Sputnik таратқан ақпарға сәйкес, қаланың сыртында тұратын тұрғындарға да төлем құны әсер етті. Мәселен, Қосшы, Қоянды, Қызылжар елді-мекендеріне жету үшін 90 теңгенің орнына 180 теңге төлеуге тура келеді. Ақмола мен Максимовкаға дейін – 400 теңге (бұрын 200 теңге болған), Аршалыға дейін 800 теңге.

Кондукторлар қайда кетеді?

Астана LRT жақын күндері қоғамдық көліктерде кондукторлардың болмайтынын хабарлады.

“Астана LRT” ЖШС қоғаммен байланыс қызметінің жетекшісі Науат Азанбаеваның сөзінше көп шағым түсетін кондукторлар баршылық, мұндай кондукторлар жұмыстан қуылады. “Бұл уақытқа дейін дұрыс жұмыс істеген орта білімі бар кондукторлар көлік бақылауы департаментіне ауыстырылады, жартысы өз автопарктерінде қалады”, – дейді Н. Азанбаева.

Картаны қалай және қайдан толтыруға болады?

Астана қаласында төлем жасауға болатын 30 терминал мен арнайы кассалар бар. Картаны сондай-ақ Qiwi, Kaspi.kz терминалдары арқылы және ғаламтор-банкинг арқылы толтыруға болады.

Картаны толтыру үшін терминал бетіндегі нұсқаулыққа жүгіну керек. Я болмаса, толтыру барысында “Тасымалдау әмияны” және “Айлық жолақы” нұсқаулығын таңдап, қажет соманы енгізу қажет.

Қоғамдық көліктің өзінде де карта сатып алуға болатындығы хабарланды.

Жолаушылар үшін жаңа талаптар

21 шілдеден бастап елордадағы қоғамдық көліктерде дифференциалды тариф енгізіледі. Жолаушылардың қоғамдық көлікте шығып-түсуіне де өзгерістер енгізілді.

“Астана LRT” таратқан ақпарға сәйкес, жаңа талап бойынша, екі немесе одан көп есігі бар қоғамдық көліктерге жолаушылар алдыңғы есіктен кіретін болады. Ал түсерде алдыңғы есіктен өзге есіктерден шығады.

Қоғамдық көліктің орталық есігін мүмкіндігі шектеулі және қоларбасы бар жолаушылар қолданады.

Жолаушыларға аталған жаңа талаптарды кондукторлар түсіндіруге міндетті.

Сафина Саид

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз