Асырап алған балаларды балалар үйіне қайтару жағдайы жиілеп кетті

0
48

Парламент Сенатының депутаты Амангелді Толамисов асырап алынған балаларды балалар үйіне қайтару фактілері жиілеп кеткенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенатордың айтуынша, соңғы 5 жылда асырап алынған балаларды балалар үйіне қайтару фактілері 64 пайызға артқан. Жалпы заңда мұндай ата-аналарға 75 АЕК көлемінде материалдық көмекті мемлекетке қайтару, алимент төлеу және екінші рет бала асырап алу мүмкіндігінен айыру секілді міндеттемелер қарастырылған. Мұндай жағдайлар баланың психикалық денсаулығына қатты әсер етеді. Тіпті, асырап алғаны баланы түрлі үйірмелер мен секцияларға апармай, қара жұмысқа салумен, басқа да өз мүддесі үшін пайдалану сияқты жан ауыртарлық мәселелер болып жатқанын да атап өтті. 

«Бала асырап алушыларды 3 жылға дейін толық бақылауында ұстап, арнайы сүйемелдеу жұмыстарын жүргізіп отыратын Бала асырап алу ұлттық агенттігі бар. Аталған агенттік аясында ата-аналарға сүйемелдеушілік көмек, психолог, заңгер сынды мамандардың қызметі ұсынылады. Алайда бұл агенттіктің мүмкіндігі барлық ел аумағын қамтуға әлі де жетпейтіні белгілі. Бұл тұрғыда бала асырап алуға ниет білдірген азаматтармен жұмыс істейтін орталықтардың ауқымын кеңейтіп, әлеуметтік қызметкердің санын көбейту қажет», – деді А. Толамисов

Сенатор сондықтан баланы асырап алуға ниет білдірген азаматтармен жұмыс істейтін орталықтардың ауқымын кеңейтіп, әлеуметтік қызметкерлердің санын көбейту керек екенін айтты. Сонымен қатар, асырап алған баладан бас тартқан ата-аналардың жауапкершілігін заң жүзінде күшейтіп, моральдық шығын ретінде қомақты айыппұл салуды ұсынды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз