Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова қамалды

0
386
Бақытгүл Хаменова.

“Жемқорлық” күдігіне ілінген Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова тергеу изоляторына қамалды. Бұған дейін тағайындалған үйқамақ бұлтартпас жазасы қамауға өзгертілген. Бұл жөнінде 22 желтоқсанда түнде “Ақ Жайық” сайты жазды.

“22 желтоқсанда Атырау облыстық соты облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованы екі айға қамауға санкция берді. Енді ол сотқа дейін тергеу изоляторында болады. Хаменованы қамау туралы өтінішті Атырау облысының прокуратурасы түсірген. Шенеунік тұтқындалып, тергеу изоляторына жеткізілді” делінген басылым ақпаратында.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың ұсталғаны 10 желтоқсанда анықталған. Ақпаратқа қарағанда, шенеуніктің үстінен “Едәуір көлемде пара алу” (Қылмыстың кодекстің 366-бабы 2-бөлімі) бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ол 4,5 млн теңге көлемінде “пара алғаны” жөнінде күдікке ілінген. Бұл Атырауда орнатылуы тиіс Абай ескерткішіне бөлінген тендер қаражатынан “откат” деп айтылады. 12 желтоқсанда ол үйқамаққа алынған еді.

Бақытгүл Хаменова 2020 жылы наурызда Атырау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған. Оған дейін 6-шақырылымдағы мәжіліс депутаты болды.

Ол 2016 жылы депутат болып жүрген кезде астананы “Елбасы” деп атау туралы ұсыныс айтқан.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, бұған дейін Атырау облысы әкімінің тағы екі орынбасары “пара алу” бойынша күдікке ілінген.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз