Ауғанстаннан эвакуацияланған қазақтар бес аймаққа қоныстанады

0
376
Ауғанстаннан атамекеніне оралған қазақтар Алматы әуежайында. Photo: MFA Qazaqstan

9 қыркүйек күні кешке Ауғанстаннан эвакуацияланған 35 қазақ Павлодар, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстанады. Бұл туралы Informburo агенттігі хабарлады.

Сайт ақпаратына қарағанда, олардың әрқайсысына 204 мың теңгеден беріледі. Бұған қоса, бір жыл бойы ай сайын баспана жалдауға 87 мың 500 теңге қаржылай көмек көрсетіледі.

Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлының айтуынша, жоғарыда аталған жеңілдіктер Ауғанстан қазақтары аталған облыстарға қоныстанса ғана беріледі.

Бұған дейін олардың Алматыдағы қонақ үйлердің біріне орналасқаны хабарланған еді. Олар мұнда 24 қыркүйекке дейін болады. Соған дейін олар қай өңірге барып қоныстанатынын шешуі тиіс.

Билік дипломы барларына мамандығы бойынша жұмысқа тұруына көмектесетінін, білімі жоқтарды арнайы курста оқытуды жоспарлап отырғанын айтады.

“Барлық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қазір министрлік тарапынан қай жерге ол кісілерді тұрақтандыратыны туралы жұмыс жүргізіліп жатыр” деді Данияр Әлкебайұлы.

9 қыркүйекте Қазақстан билігі Ауғанстаннан 35 қазақты атамекеніне ұшақпен жеткізгенін хабарлаған.

Тәліптер басып алған Ауғанстанда әлі жүздеген қазақ қалған. Олар Қазақстанға көшкісі келетінін айтып, Нұр-Сұлтаннан жәрдем сұрап келеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз