Қазақстан бойынша айына 6 млрд табысы бар лото клубының желісі жойылды

0
17

13 қаңтарда Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура бірге заңсыз онлайн-казинолардың, жалпы 326 лото клуб желісін жойды.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында бір ғана өңірдің лото клубтарының ай сайынғы жиынтық табысы орта есеппен 300 млн теңгені құрайтыны анықталды, сәйкесінше еліміздің барлық өңірлерінен шамамен 6 млрд теңгені құраған. Бұл ретте ақша қаражатының шамамен 70% шетелге шығарылған. Ұйымдастырушылардың біреуінің ғана банктік шотына ай сайын шамамен 900 млн теңге түсіп отырған», – деді ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.

Қазақстандағы ең ауқымды бірлескен арнайы операцияны жүргізуге ІІМ мен ҰҚК-ның үш мыңнан астам қызметкері қатысқан.

«Заңсыз ойын қызметінен басқа, VIP-клиенттерге интимдік қызметтерді ұйымдастыру, жеңгетайлық және есірткі заттарын пайдалану фактілері тіркелді. Арнайы операция барысында полицияға 400-ден астам адам жеткізілді. Негізгі қылмыстық схеманы ұйымдастырған сегіз адам, оның ішінде алыс және жақын шетел азаматтары ұсталды», – деді Қуандық Алпыс.

Республика бойынша лото клубтарға 570 тінту жүргізілді. 23 бірлік атыс және травматикалық қару, 247 млн теңге, 55 млн Ресей рублі, 125 мың АҚШ доллары, компьютерлік техника, мобильді құрылғылар, сондай-ақ басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Шетелден онлайн-казино тарататын серверлер анықталып, бұғатталды. Әкімшілердің ойын барысына ықпал етіп, реттеп отырғаны белгілі болды. Бұрын жүргізілген сараптамалар ұсталған адамдардың заңсыз әрекеттерін растады.

Ресми деректерге сәйкес Қазақстанда шамамен құмар ойындарына салынған 350 мың адам бар. Олардың әрбірінің орташа қарызы шамамен 10 млн теңгені құрайды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз