Қазақтың ұлы ақыны Мұзафар Әлімбаев өмірден өтті

0
164

Қазақтың халық жазушысы, ұлы ақыны, қазақ балалар әдебиетінің негізін салушылардың бірі Мұзафар Әлімбаев 95 жасқа қараған шағында Алматы қаласында қайтыс болды, деп хабарлайды Қазақпарат.

Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұзафар Әлімбаев 1923 жылы 29 қазанда Павлодар облысының Шарбақты акуданына қарасты Маралды ауылында дүниеге келген. 200-ге жуық әннің сөзін жазған ақын ҚазМу-да білім алған.

Ақынның туындылары 15 жасынан бастап Павлодар облыстың «Қызыл ту» газетінде жарық көре бастаған. Сондай-ақ, соғыс жылдарында шығармалары республикалық, облыстық, майдандық газеттерде басылып тұрды.

1948 жылы Армиядан оралғаннан кейін «Пионер» журналының поэзия бөлімін басқарған.

1956-1958 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, Бас редактордың орынбасары. 1958 жылы «Балдырған» журналы ашылған күннен 1986 жылға дейін журналдың Бас редакторы болып қызмет атқарған.

Сонымен қоса, еңбектері әлемнің 20 тіліне аударылған ақынның 64 төл тума және аударма кітаптары бар. Алғашқы кітабы – «Қарағанды жырлары» деген атпен 1952 жылы басылып шықты.

Мұзафар Әлімбаев ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның Халық жазушысы, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері. Қазақстан Республикасының Әнұраны авторларының бірі.

Отан соғысының бірінші және екінші дәрежелі ордендерімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Отан» орденімен марапатталған.

Жадыра Аманбайқызы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз