Бас прокуратура өкілі қаңтар оқиғасы кезінде қанша адамның қаза тапқанын айтты

0
476
Photo: Vladimir Tretyakov

15 қаңтар кешке өткен брифингте Бас прокуратура өкілі қаңтардағы оқиғаның салдарынан Қазақстанда кемінде 225 адам қаза болғанын хабарлады. 

“Қазақстан бойынша 4578 жәбірленуші бар, 3393-і – құқық қорғау орган қызметкері. Мәйітханаға 225 адам жеткізілді. Бір бөлігі – терактіге қатысқан қару ұстанған қарақшылар. 19-ы – құқық қорғау орган қызметкері. Өкінішке қарай, терроризм актісінен бейбіт тұрғындар да қаза болды, – деді Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің жетекшісі Серік Шалабаев сенбі күнгі брифинг кезінде. Ол бұл мәлімет толықтырылып, өзгеруі мүмкін екенін ескертті.

Бас прокуратураның хабарлауынша, 6 қаңтарға дейін полиция атыс қаруын қолданбаған.

Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің жетекшісі Серік Шалабаев.

“6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесінің шешімімен елде антитеррористік операция жүргізілетіні жарияланды. Осы күннен бастап құқық қорғау органдары мен Қарулы күштер террористерді жою үшін қару қолдана бастады” деді Серік Шалабаев.

Билік тәртіпсіздіктен қаза болғандар санын оқиғадан бері шамамен бір жарым апта өткеннен кейін жариялап отыр.

11 қаңтарда ІІМ “жаппай тәртіпсіздікке” қатысты деп он мыңға жуық адамның ұсталғанын хабарлаған.

Бас прокуратура мәліметінше, “қаңтар оқиғасына қатысы бар” деген күдікпен 672 адам уақытша ұстау изоляторына жеткізілген, 446-сы сот санкциясымен қамауға алынған. Жүзге жуық адам “ұстауға негіз болмағандықтан” босатылған.

546 қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр: терроризм бойынша 44 іс, жаппай тәртіпсіздік бойынша – 34, адам өлтіру қылмысы бойынша 15 іс ашылған.

“Қазіргі уақытта прокуратураға құқық қорғау органдарының іс-әрекеттеріне қатысты 32 өтініш келіп түсті”, – деді Бас прокуратура өкілі.

ДСМ қоғаммен байланыс департаментінің директоры Әсел Артакшинова.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде төтенше жағдай жарияланғалы бері оқиға кезінде зардап шеккен 2 677 адам медициналық көмекке жүгінген. 863 адамға стационарлық көмек, 1 815-іне амбулаторлық көмек көрсетілген. Қазір 265 емделіп жатыр. 67 адамның жағдайы ауыр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз