Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде «Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері үшін баспасөз-туры өткізілді, деп хабарлайды Kazaknews.kz.
Агенттік төрағасы Дархан Жазықбаев БАҚ өкілдерімен кездесіп, Мемлекет басшысымен мемлекеттік қызметті жаңғыртуға қатысты Агенттіктің алдына қойылған міндеттерді жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысы туралы айтты.
Атап айтқанда, мемлекеттік қызметке «кіру» және одан «шығу» талаптарының жеңілдетілуі, стратегиялық HR-дың дамуы, мемлекеттік аппараттың жұмысын бюрократиядан арылту, мемлекеттік қызметті сервистік сипатта ұйымдастыруға қатысты мәселелер талқыланды.
Мемлекеттік қызметті цифрландыруға бағытталған «Е-қызмет» жүйесін жаңғырту және кадрлық бизнес-процестерді оңтайландыру бойынша жүргізіліп жатқан шаралардың жай-күйімен таныстырды.
Журналистер Агенттік басшысына мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту, мемлекеттік қызметшілердің әдебі мен имиджі, мемлекеттік қызмет саласындағы проблемалық мәселелер бойынша сауалдар қойып, өз ұсыныстары және пікірлерімен бөлісті.
МҚІА төрағасы қойылған сұрақтар бойынша егжей-тегжейлі түсініктеме беріп, Агенттіктің БАҚ өкілдері үшін әрқашан ашық екендігін жеткізді. Дархан Жазықбаев бас редакторларды мемлекеттік орган қызметінің бағыттары бойынша өзара іс-қимыл жасауға шақырды.
Баспасөз туры барысында бас редакторлар үшін Агенттік және ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында экскурсия өткізілді.
Қатысушылар Президенттік жастар кадр резервінің кеңсесі, Академия магистранттары мен докторанттарына арналған цифрлық коворкинг залы, 3D голографиялық дәрістер түрінде ақпаратты шығаруға мүмкіндік беретін голограмма залы және де музей жұмысымен танысты.