Баспана мәселесімен Ақордаға өтпек болған көпбалалы отбасыны полиция бөгеді

0
211

25 мамыр күні баспана мәселесі бойынша Ақордаға өтіп президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа шағымданбақ болған Бағлан Орынбековтің отбасын полиция кетлингте ұстады. 

Осыдан үш күн бұрын Орынбеков бірнеше отбасымен бірге “оңтүстіктен солтүстікке қоныстандыру” бағдарламасы арқылы Шымкенттен Павлодар облысының Железинский ауданына көшіп барған. Екі күн бойы шарқ ұрған Бағланға әкімдік бағдарламаның тоқтап қалғанын айтқан. 

“Басында құжаттарды қабылдаймыз деді. Кейін бала-шағамызбен қуып шықты. Аудан әкімінің орынбасары мұндай бағдарламаның уақыты бітіп кеткен деп бізді алдап шығарып салды. Видеосы да бар. Бізді діни көзқарасымызға орай шеттетіп отыр деп ойлаймын” – деді Бағлан Орынбеков.

Осы жағдайды анықтау үшін kazaknews.kz редакциясы Железинский ауданының жұмыспен қамту бөліміне хабарласты.

“Ол бағдарламаға тіркеуден өте алмайды, өйткені оның соңғы тіркеуі 2021 жылы болған. Ал, ” Еңбек “бағдарламасының ережелеріне сәйкес оның тіркеуі оңтүстік өңірлерде бір жылдан астам уақыт болуы тиіс”, – деді Железинский аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Қайрат Ибрагимов.

Орынбековтердің талабын тыңдауға келген халықты жұмыспен қамту департаменті директорының орынбасары Руслан Тілеубаев  нақты жауап бермеді. Ол министрлік ғимаратына барып сөйлесуге шақырды. Алайда, оған Бағлан Орынбеков “алдап апарасыңдар, бағана да осы жерге дейін алдап әкелдіңдер” деп көнбеді.

Қазақстанда баспана мәселесінің шешілмеуіне байланысты наразылықтар жиі болады. Көп балалы отбасылар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған немесе мүгедектігі бар ата-аналар баспана кезегінің баяу жылжитынына, мемлекет тарабынан әлеуметтік көмектің мардымсыздығына жиі шағымданады. Ал билік баспана кезекпен берілетінін, кезекті өзгерте алмайтындығын жиі алға тартады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз