Бүгін мәжіліс залында Парламент тыңдауы өтті. Басты тақырып, халықтың несие қарызы. Жиын барысында «Аманат» партиясының хатшысы Елдар Жұмағазиев, партия тарапынан жасалған зерттеу жұмысынан тоқталып, қазақстандықтардың не үшін несие алатынын айтты.
Елдар Жұмағазиевтың айтуынша, «Аманат» партиясы «Қарызсыз қоғам» деп аталатын жоба бастаған. Қазіргі таңда жоба аясында 52 мың адам қаржылық сауаттылық курсынан өткен. Партия қызметкерлері оқуға келушілердің арасында сауалнама жүргізіп, не үшін несие алатындарын сұраған. Сауалнама нәтижесіне сәйкес, несиені көбіне көп балалы отбасылар қыркүйек жақындағанда балаларын киіндіруге алатыны белгілі болды. Мешітте, парияда, әкімшілікте тіркеуде тұрса да жетпейтін көрінеді. Сонымен қатар, қыс жақындағанда көмір алады. Бұдан бөлек, техника, той жасау және тағы басқалар.
«Біз дүкеннен нан алмаймыз дейді. Айына 4-5 қап ұн аламыз. Қазіргі қымбатшылық оларға да қатты тиіп жатыр. Бұл отбасылар күніне он дана нан басамыз дейді. Сөйтіп балаларымызды асырап отырмыз. Қазір мектепте берілетін тегін тамақ осы отбасыларға үлкен қолғабыс болып отыр»,-деді партия хатшысы.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, жастардың 85 пайызы несиені смартфон, гаджет және тағы басқа техникалар үшін алатыны белгілі болды. Ал аудандағы жастардың басым бөлігі самокат, мопед алып «доставка» жасауға қарызданатын көрінеді. Тек 5 пайызы өзінің білімін жетілдіруге, 5 пайызы бизнес ашуға несие алатын болып шақты.
Ең сорақысы, зейнеткерлерге байланысты зерттеу болып отыр.
«Сауалнамаға қатысқан зейнеткердің өзінің мойынында несиесі жоқ. Олардың мойынына кредитті балалары мен немерелері алған. Соны пенсиясының шетінен төлеп отыр»,-деді Елдар Жұмағазиев.