ХҚКО-дан төлқұжат пен жеке куәлікті қалай тез алуға болады

0
214
Photo: 24.kz

Жазғы демалыс маусымында ХҚКО-дан төлқұжат пен жеке куәлікті қалай тез алудың жолын Kazaknews.kz тілшісі оrtcоm.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Халыққа қызмет көрсету орталығында жеке куәлік пен паспортты ресімдеу бойынша операцияны көші-қон қызметі көрсетеді.

Паспорт пен жеке куәлікті алу қызметі әлі онлайн режимінде қолжетімді емес. Бұл құжаттарды рәсімдеу үшін міндетті түрде ХҚКО-ға жүгіну қажет. Десе де, қызмет эксаумақтылық қағидаты бойынша көрсетіледі – өзіңіздің тіркелген мекенжайыңызға қарамастан кез келген ХҚКО-ға бара аласыз.

Төлқұжат алу

Егер төлқұжат алу үшін бірінші рет келіп тұрсаңыз, сізге тек жеке куәлік қажет болады. Егер сіздің төлқұжатыңыздың мерзімі аяқталса, оны мерзімі аяқталғанға дейін 1–2 ай бұрын ауыстыра аласыз. Төлқұжаттың мерзімі аяқталғаннан кейін жаңа төлқұжат алу үшін өтініш білдірсеңіз, кешіктіргеніңіз үшін айыппұл қарастырылмайды.

Төлқұжат үшін мемлекеттік баж – 8 АЕК (2022 жылдың 1 қаңтарында белгіленген АЕК), немесе 24 504 теңге. Қызмет көрсетудің стандартты мерзімі –  15 жұмыс күні. Алайда, қосымша төлем жасау арқылы бұл процесті жеделдетуге болады. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе тұрғындары процесті келесі әдіс бойынша үш күннен бір жұмыс күніне дейін қысқарта алады:

  • 1 жеделділік санаты – 1 жұмыс күніне дейін – 4983 теңге;
  • 2 жеделділік санаты – 3 жұмыс күніне дейін – 2752 теңге.

Облыс орталықтары үшін басқа әдіс қарастырылған:

  • 1 жеделділік санаты – 3 жұмыс күніне дейін – 4983 теңге;
  • 2 жеделділік санаты – 5 жұмыс күніне дейін – 2752 теңге.

Ал аудандар мен облыстардағы қалалар үшін тек үшінші санат қолжетімді: 1 116 теңге қосымша төлем арқылы 7 жұмыс күніне дейін жеделдете алады.

Баланың төлқұжатын рәсімдеу кезінде оның туу туралы куәлігін ұсынып, баж салығын төлеу қажет. Қызметке өтініш білдіру үшін баланың ата-анасының бірі келуі міндетті.

Жеке куәлік алу

ҚР азаматтары жеке куәлікті 16 жасқа толған кезде алады. Осы жасқа жеткен кезде құжатты бір ай ішінде рәсімдеу керек, әйтпесе 7 АЕК немесе 21 441 теңге айыппұл төлеу керек болады. Сонымен қатар, егер мерзімі аяқталған жеке куәлік бір ай ішінде жаңартылмаса, дәл осы мөлшердегі айыппұл қарастырылған. Егер айыппұлды бір апта ішінде төлейтін болсаңыз, онда сомма 50 пайызға төмендейді. Егер сізде паспорт бар болса, жеке куәлікті рәсімдеу үшін оны да өзіңізбен бірге алып келу керек.

Бұл ретте жеке куәлік үшін мемлекеттік баж 0,2 АЕК немесе 613 теңге болады.

Қызметті төлқұжатпен бірдей әдіс бойынша жеделдетуге болады. Сонымен қатар, жеке куәлік пен төлқұжат үшін мемлекеттік баж салығын төлеуден босатылған клиенттердің жеңілдетілген санаты бар екенін ескертеміз. Олар:

  • ҰОС ардагерлері және оларға теңестірілген тұлғалар;
  • Кеңес одағының батырлары және Социалистік еңбек ерлері;
  • барлық топтағы мүгедектер, сондай-ақ бала кезінен мүгедек болған клиенттің ата-анасының бірі;
  • қарттар мен мүгедектерге арналған мекемелерде тұратын егде жастағы адамдар;
  • жетім балалар және балалар үйлерінде немесе интернаттарда тұратын ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • «Батыр Ана» атағы бар, “Алтын алқа” және “Күміс алқа” төсбелгілерімен наградталған көпбалалы аналар;
  • Чернобыль апатының салдарынан зардап шеккен азаматтар.

Айыппұл төлемеу үшін құжаттарды уақтылы жаңартып, келу уақытын алдын-ала брондау қажет.

Жазғы кезеңде Қазақстанның ХҚКО-ларында демалыстар маусымы басталғалы жеке куәліктер мен төлқұжаттарды рәсімдеуге өтініш жасайтын клиенттер ағыны ұлғаюда. 2022 жылдың алты айында қазақстандықтарға 1 353 590 құжат берілген. Бұл ретте ең көп саны – 266 668 – маусым айында.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз