ІІМ: Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат сұраған Ресей азаматтары көбейді

0
205
Ішкі істер министрлігінің ғимараты.

13 сәуірде ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев осы жылдың алғашқы төрт айында Қазақстанда уақытша тұруға өтініш түсіргендер көбейгенін мәлімдеді.

“Уақытша тұруға өтініш білдіргендердің саны өсіп келе жатыр. Былтыр бір тоқсанда 350-400 адам өтініш білдірсе, қазір мыңнан асып кетті. Ресейден келген 1055 адам Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат сұрап жатыр” деді Қожаев мәжіліс отырысында.

Бірақ ол Украинадағы соғысқа байланысты Ресей мен Украинадан Қазақстанға көп адам көшіп келе жатыр деген ақпаратты растамады.

“24 ақпан мен 11 сәуір аралығында 130 мың Ресей азаматы елімізге кірген, 120 мыңнан астамы шығып кеткен. 2021 жылмен салыстырғанда бұл сан екі есе көп. Бірақ 2020, 2021 жылдары бізде пандемияға байланысты шекара жабылған болатын. Ал оның алдындағы жылдармен салыстырсақ, бұл көрсеткіш үш есеге аз. Себебі ол жылдары бізде бір тоқсанда 350-360 мың адам кіріп-шығып тұрған. Қазір Украинаның 3481 азаматы елімізде жүр. Ресейдің 170 азаматы, Украинаның 7 азаматы Қазақстан азаматтығын алуға өтініш білдірді”, – деді Қожаев.

Жергілікті БАҚ бұған дейін Украинадағы соғыс пен соның салдарынан туындаған Ресейге қарсы санкциялардан кейін ресейліктердің көрші елдерге, оның ішінде Қазақстанға да көшіп жатқаны туралы ақпарат таратқан. Кейбір мәліметке қарағанда, соның салдарынан елдегі ең ірі қалалар Алматы мен Нұр-Сұлтанда пәтер жалдау қымбаттаған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз