Интернет алаяқтық азаймай тұр

0
35

Елде «Алдандым» деп сан соққандардың қатары күн санап артып жатыр. Оның ішінде әсіресе, интернет алаяқтарының құрығына түскендер азаяр емес. Мәселен, соңғы 9 айдың өзінде интернет алаяқтықтың 15 000 дерегі тіркеліпті. Тіркелмегендері тағы бар. Депутаттар дабыл қағуда. 

Бүгін мәжіліс отырысында депутат Данияр Алдабергенұлы интернет алаяқтарына қанша жерден тосқауыл қойылғанымен, олардың айласы асып тұрғанын айтты. Сонымен қатар, интернет ұрылардың жұмысын жеңілдетіп, жол ашып отырған жеке деректер құпиялығы ешкімге құпия болмай отырғанын жеткізді. 

«Жеке деректерді қорғай алмасақ, елді қалай қорғаймыз», -деді депутат. 

Бұдан бөлек, мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев та қараша айында бас прокурорға аталған мәселеге назар аударуын сұраған еді. Оның айтуынша, былтырдың өзінде 20 444 алаяқтық бойынша дерек тіркеліп, 16,5 млрд. теңгеге залал келген.

«Әлеуметтік желі арқылы «Байер» деген атаумен Қытай, Түркия, АҚШ-тан арзан тауар жеткізушілер көбейген. Бірі тіркеліп заңды жұмыс жасаса, бірі халықты алдап жүр. Бұған дейін қаржылық пирамидадан алданғандарды көп еститін едік, қазір «байерлерге» барын берген қара халықтың базынасын жиі естіп жүрміз», – деген депутат, мысал ретінде, елде лақап атпен танымал Айс Мұратованы атап өтті. Оның шын аты Арайлым. Ол соңғы екі жыл ішінде халықтың сеніміне кіріп, сауда жасап, өзін жақсы жағынан жарнамалаған… Кейіннен барлық салымшыларды алдап кеткен. Айлакердің құрығына республика бойынша бес мыңға жуық адам түсіпті. Ал жалпы соммасы 30 млрд. теңгеден асады. 

Депутат аталған мәселенің күн сайын ушығып жатқанын және көптеген шаңырақ шайқалып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ бұл схеманың қаржылық пирамидаға ұқсайтынын айтып, кінәлілер тиісті жаза алуын талап етті. 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз