Көкшетауда ТМД-дағы ең үлкен ауыл шаруашылығы орталығы ашылды

0
263

23 шілде күні Көкшетауда Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында техникамен жабдықтау және қызмет көрсету бойынша ТМД-дағы ең ірі “Джон Дир” дилерлік және қызмет көрсету орталығы ашылды. 

Аутлет орталықтың ашылу салтанаты алдында Eurasia Group AG басшылығы брифинг өткізіп, жарты сағат журналистер сұрағына жауап берді. Компанияның бас директоры Сергей Глокке атқарылып жатқан жұмыстар мен жаңадан ашылған алып орталық туралы баяндап берді.

Сергей Глокке

“Орталықтың артықшылығы жетіп артылады. Біраз елде мұндай орталық жоқтың қасы. Қазақстанда мүлде жоқ деп айта аламын. Көлемі бойынша да, жабдықталуы жөнінен де әзірге теңі жоқ. Бұл орталық бізге ауыл шаруашылығы саласында қызмет көрсетуді дамытуға жол ашады. Сонымен қатар үлкен білім беру мекемесінің де рөлін атқармақ. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы саласында маман тапшылығы қатты байқалады. Бұл тек инженерлерге ғана емес бағбандар мен мал шаруашылығы мамандарына да қатысты. Осы себепті біз тек бизнеспен ғана шектелмей аталмыш салада білім беруді де қолға алмақпыз”, деді Сергей Глокке.

Баспасөз брифингі.

Баспасөз брифингінен кейін ғимарат алдында ұлттық аспаптармен музыка шырқалды, бишілер өнер көрсетті. Шашу шашылды.

Жиынға арнайы келген Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров, Германияның Қазақстандағы елшісі Тило Клиннер сөз алып жылы лебіздерін айтты. 

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев “Джон Дир” ауыл шаруашылығы орталығының ашылуында сөз сөйлеп тұр.

 “Бұл орталық егемен еліміздің тәуелсіздігіне 30 жыл толғанда ашылып отыр. Көкшетауымызда орналасуы да тегін емес. Мұндағы ауыл шаруашылығы фабрика және техникаларының тарихы тереңде жатыр. Аймақта ауыл шаруашылығы мамандары мен техникасының хабы қалыптасқан. Облыстағы техникаларда “Джон Дир” маркасының алар үлесі ерекше”, – деді облыс әкімі.

Әкім Ермек Маржықпаев облыстың Eurasia Group AG компаниясын әрдайым қолдайтынын жеткізді.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров.

ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров та компанияның Қазақтан нарығындағы рөліне тоқталып өтті.

“Бүгінгі ашылған ауыл шаруашылығы техникасын сату және жөндеу орталығы президент Тоқаевтың жолдауындағы ауыл шаруашылығын дамыту жөнінде алға қойған мақсатына жетуге айтарлықтай үлес қосады деп ойлаймын. Сонымен қатар министрліктің алдағы бес жылда осы салада жұмыс қарқынын ең аз 2,5 есе дамыту жоспары тұр. Бұған қоса әрине еңбек өнімділігін арттыру үшін техниканың алатын орны әрдайым ерекше. Министрлік ауыл шаруашылығы техникаларының қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін дағдарысқа қарамастан түрлі субсидия бөліп жатыр. Аталмыш орталық нарықты  тек техникамен қамтамасыз етіп қана қоймай маман даярлауда да белсенді еңбек етпек”, деді министр.

Германияның Қазақстандағы елшісі Тило Клиннер.

Германияның Қазақстандағы елшісі Тило Клиннер жиынға арнайы келген қонақтардың бірі. Ол Қазақсанның ауыл шаруашылығы саласында әлеуеті зор екенін айтады.

“Бір елдің экономикасының қарыштап дамуы жолында ауыл шаруашылығы саласының алатын орны орасан зор. Ал Қазақстанның бұл салада әлеуеті өте жоғары. Тіпті мұнда ешқандай шектеу жоқ. Ауыл шаруашылығының қарыштап дамуы үшін әрине техника мінсіз болуы шарт. Соңғы үлгідегі технологияны қолдану ауыл шаруашылығы өнімдерін де молынан алуға мүмкіндік береді. Көбіңіз “Джон Дир” америкалық компания мұнда неміс елшісі не үшін жүр деп ойлауыңыз мүмкін. Дегенмен бұл компания Германияда да бұрыннан бар және онда техника шығару қарқынды дамыған. Сондықтан “Джон Дирді” америкалық-германиялық компания деп айтуға болады”, – деді елші.

Қонақтар сөзінен кейін лента қиылып орталық салтанатты түрде ашылды. Компанияның бас директоры Сергей Глокке бастаған мекеме қызметкерлері заманауи ауыл шаруашылығы орталығының кіре берісінен бастап барлық бұрышын таныстырып шықты.

 

Ғимарат ішіндегі таныстырылым аяқталғаннан кейін сыртта орталық қызметкерлері JCB техникаларын таныстырды.

Жиынның соңы үлкен таныстырылымға ұласты. Eurasia Group AG бас директоры Сергей Глокке осы уақытқа дейінгі жүріп өткен жолы мен компанияның жетістіктерін деректермен айтып берді. Сонымен қатар “Джон Дир” дилерінің тұрақты тұтынушыларын түрлі сыйлықтармен марапаттады. Солардың бірі Қарағанды облысынан келген “Шанс” шаруа қожалығының иесі Игорь Жабяк.

Қарағанды облысынан келген “Шанс” шаруа қожалығының иесі Игорь Жабякқа Eurasia Group AG трактор сыйлады.

“Eurasia Group AG-мен осы уақытқа дейін тығыз жұмыс істедік. Бұл бір компанияның тұтынушыларын бағалауы шығар. Бүгін компания бізге алтыншы сериалы “Джон Дир” тракторын сыйға тартты. Өте қажетті әрі әмбебап техника. Шын қуаныштымын. Eurasia Group-қа мың алғыс”, – деді ол. 

Eurasia Group AG – Швейцарияның Шаффхаузен қаласында орналасқан компания. 2002 жылдан бастап Қазақстандағы “Джон Дир” ұлттық дилері. Сонымен қатар JCB, Vaderstad, Lindsay және Grimme компанияларының дилері.

“Евразия Групп Казахстан” ЖШС – Қазақстандағы Eurasia Group AG өкілі. Бас кеңсесі Нұр-сұлтан қаласында орналасқан. Бас сервис орталығы Көкшетау қаласында. Қызметкерлер саны 400-ден асады. Ауыл шаруашылығы техникасын сату және қызмет көрсету саласында еңбек етеді. Ауыл шаруашылығын цифрландыруды енгізеді және дамытады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз