«Ұлттық қор – балаларға» жобасымен 18-ге толғандар қанша ақша алады?

0
443
photo: kanal-o.ru

14 маусымда мәжіліс отырысында Ұлттық қордан балаларға төлем жасау мәселесі бойынша депутат Үнзила Шапақ баяндама жасады, деп хабарлайды Kazaknews.kz Ақпараттық агенттігі.

Жоба бойынша келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап балаларға есепшот ашылып, әрқайсысына қаражат жинақталады. Ұлттық қор өкілінің айтуынша, 2024 жылдан бастап, 18 жыл жиналған қаражат сомасы шамамен 3500 АҚШ долларын құрайды.

Депутаттың айтуынша жобаның мақсаты еліміздегі табиғи байлықтың есебінен ұрпақ болашағы үшін қаржы жинау. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы шоттарында жинақталады.

Бұл қаржы әр қазақстандық бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады. Оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды.

Кәмелетке толған балалар, есепшотындағы ақшаны біріншіден тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе тұрғын үйді сатып алуға пайдалана алады. Алайда бұл мақсатта қаражатты тек Қазақстан аумағында пайдалана алады. Ал, екіншіден білім алу үшін пайдалана алады. Бұл жағдайда ақшаны тек қазақстандық емес, шетелдік оқу орындарында да пайдалана алады.

18 жасқа дейін балалар өзге елдің азаматтығын алса, сол күнге дейін жинақталған ақшаны ала алмайды. Егер, азаматтық ауыстырып, алайда 18 жасқа толмай тұрып, Қазақстан азаматтығын қайта алатын болса, есепшотында заң аясында қаржы жинақтау жаңадан басталады. Ал, 2024 жылдың 1 қаңтарында мысалы 10 жаста болған бала, 18 жасқа толған кезде тек 8 жыл жинақталған қаржыны алады. Депутат, егерде жинақталатын қаржыны 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 18-ге толған балалардың барлығына берілсе, бір жылдың ішінде Ұлттық қордың ақшасы сарқылып кету қаупі бар екенін ескертті.

фото: видеодан скриншот, депутат Үнзила Шапақ

«Қазіргі таңда 2023 жылғы есепке сәйкес Қазақстанда 6 миллион 700 мың бала бар. 2024 жылы біз олардың есебіне ақшаны жұмсайтын болсақ, шамамен қазір 40 миллион АҚШ доллары жұмсалады», – дейді депутат.

Егер, кәмелетке толған бала жинақталған қаржыны пайдаланбаса, ол бірыңғай жинақтау қорында 10 жылға дейін сақталады. Егер, оны тұтынушы талап етпесе, 10 жылдан кейін қаржы сол адамның зейнетақы қорына аударылады.

Жобаға байланысты депутат Әбіл Еркін, «қажет кезінде І және ІІ топтағы мүгедектігі бар балалар, кәмелетке толмаса да пайдаланса болады ма?» деген сұрақ қойды.

фото: видеодан скриншот, депутат Әбіл Еркін

«Бүгінгі таңда бұл ең өзекті сұрақтардың бірі. Көп талқыланып жатыр. Ерекше қажеттілігі бар балалар үшін бұл қаражат бүгін де қажет, ертең де қажет, қай сәтте болса да қажет. Дегенмен, бұл ақшаға қол жеткізген сәтте ол мәселе толыққанды шешіледі деген нәрсеге біздің күмәніміз бар. Оны біз Қазақстан Республикасының территроиясындағы емдеуге немесе шетелдегі емдеуге салып жіберетін болсақ, ол ақша жетпей қалатын болса, әрі қарай көмектесетін қандай кепілдігіміз бар? Дегенмен бұл сұрақты әлі де талқылаймыз», – деп жауап берді депутат Үнзила Шапақ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз