Нұр-Сұлтанда локдаун енгізіледі

0
687
Photo: Turar Kazangapov

21 наурыздан бастап қызыл аймаққа енген Нұр-Сұлтан қаласында локдаун енгізіледі. Бұл туралы қала әкімдігінің сайты хабарлады.

Жексенбіде дәріханалар, тамақ өнімдері мен бірінші кезекте қажетті заттарды сататын және орналасқан жеріне қарамастан қызметіне рұқсат етілген объектілерді қоспағанда, жабық азық-түлік емес базарлар, азық-түлік емес тауарларды өткізетін объектілер, жабық спорт объектілері, ХҚО, “Қазпошта” АҚ секілді мекемелердің жұмыс істеуіне тыйым салынады.

Сондай-ақ, дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуіне байланысты жексенбі күні қоғамдық көлік жүрмейді.

Сенбі және жексенбі күндері фитнес-орталықтардың, фитнес-клубтардың, спорт-сауықтыру объектілерінің, сауналардың, СПА-орталықтардың (“сары аймақ” критерийлері қолданылатын “Ashyq” пилоттық жобасына қатысатын объектілерді қоспағанда) жұмысына тыйым салынады.

“Қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Өткен мереке күндерінен кейін коронавирус инфекциясын жұқтырушылар саны күрт көбейді. Осыған байланысты қосымша карантин шектеулері бар қаулы 18 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі. Наурыз мейрамына орай бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынады. Індеттің өршуіне жол бермеу керек. Медициналық ұйымдар мен медицина қызметкерлеріне шамадан тыс жүктеме болмас үшін қатаң санитарлық нормалар сақталуы қажет, яғни бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтауы керек”, – деді Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова.

Бас санитар Бейсенова 18 наурыздан бастап қоғамдық тамақтану объектілерінің (мейрамханалар, дәмханалар, барлар, асханалар) жұмыс және демалыс күндері сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс уақыты қысқаратынын атап өтті.

18 наурыздан бастап кинотеатрлар мен кинорумдардың жұмысына тыйым салынады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз