Оразада жиі қойылатын сұрақтардың жауабы

0
4,269
Нұр-Сұлтандағы Әзірет Сұлтан мешітінің мұнарасы. Photo: astana.gov.kz

2 сәуірде мұсылмандардың қасиетті Рамазан айы басталды. Ауыз бекіткен адамдарда түрлі жағдайға байланысты сұрақтың туындауы қалыпты құбылыс.

Төменде, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) жариялаған туындауы мүмкін деген сұрақ-жауаптың тізімін ұсынамыз:

Сұрақ: Рамазан оразасының үкімі қандай?
Жауап: Рамазан айында ораза ұстау әрбір балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс мұсылманға парыз.

Сұрақ: Саум – ораза сөзінің анықтамасы қандай?
Жауап: Саум араб тіліндегі “барлық нәрседен тыйылу” деген мағынаны білдіреді. Ал, шариғаттағы мағынасы таң атқаннан күн батқанға дейін ораза ниетімен ішуден және жеуден тыйылу.

Сұрақ: Ораза ұстаған адам оразасын ұмытып тамақ жеп, немесе сусын ішіп қойса, оразасы бұзыла ма?
Жауап: Жоқ, бұзылмайды. Себебі ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзатын амалдардан емес. Ондай адам оразасын жалғастырады.

Сұрақ: Ораза ұстаған адамның ұмытып тамақ жеп тұрғанын көрген адам не істейді?
Жауап: Егер ораза ұстаған адамның бойында оразасын жалғастыратын әл-қуаты болса, ескерту міндет болады. Ал, әл-қуаты болмаса, үндемеген абзал.

Сұрақ: Қандай ауру түрлері ораза ұстамауға негіз бола алады?
Жауап: Адам баласы әдетте шыдай алмайтындай деңгейде ауырса немесе ауру адам ораза ұстап, оразасы өлімге алып келетіндей деңгейде болса, ауруы ораза ұстамауға негіз болады. Ауруынан айыққан соң әр күнге бір күн қазасын өтейді.

Сұрақ: Ораза кезінде тамырға немесе денеге ине (укол) егу оразаны бұза ма?
Жауап: Егер ине егу арқылы адамның бойына жіберілетін дәрі-дәрмектің құрамында дәрумендер болып немесе ол дәрі-дәрмек азық орнына пайдаланып, адам ағзасына қуат беретін болса, ораза бұзылады. Мұндай дәрі-дәрмекті ауызды ашқаннан кейін пайдалану керек.

Сұрақ: Көзге дәрі тамызу оразаны бұзама?
Жауап: Жоқ, бұзбайды. Себебі көз бен ішкі қуыстың арасында байланыс жоқ.

Сұрақ: Құлақ пен мұрынға дәрі тамызу оразаны бұза ма?
Жауап: Иә, бұзады. Өйткені екеуінің ішкі қуыспен байланысы бар. Яғни, дәрінің тамаққа өтіп кету қаупі бар.

Сұрақ: Асқазанды тексеру үшін медициналық құралды пайдалану (зонд жұту), оразаны бұза ма?
Жауап: Егер ішке кіретін тарапы құрғақ болса ораза бұзылмайды, ал егер ішке кіретін жағына мазь немесе сол секілді заттар жағылса, ораза бұзылады.

Сұрақ: Жүніп (ғұсылсыз) адамға ораза ұстауға бола ма?
Жауап: Ораза дұрыс болу үшін ғұсыл шарт емес. Сол үшін адам ұйқысынан жүніп болып оянып, таң намазына дейін ғұсыл құйынып үлгере алмаса, оразаға ниет етеді де, алдымен аузын бекітеді.

Сұрақ: Ораза ұстаған әйелдің хайызы (етеккірі) келсе не істейді?
Жауап: Сол сәтте оразасы бұзылады да, хайызынан тазарған соң оразасын жалғастырады. Ораза айы біткен соң, хайыз кезінде қаза болған күндерін өтейді.

Сұрақ: Ораза ұстаған адам күндіз ұйықтап ихтиләм (ұйықтағанда түс көріп, сұйықтық бөліну) болса, оразасы бұзыла ма?
Жауап: Жоқ, бұзылмайды. Тек намазын оқу үшін ғұсыл құйынуы керек.

Сұрақ: Салқындау үшін өзен-көлдерге жүзу немесе моншаға шомылу оразаны бұза ма?
Жауап: Егер аузы мен мұрнына су кіруден сақтанса, бұзылмайды. Бірақ оразаның ләззатын сезіну үшін шомылмаған абзал.

Сұрақ: Ораза кезінде мисуак пен тіс пастасын пайдалану оразаны бұза ма?
Жауап: Жоқ, бұзбайды. Тіс пастасын пайдаланғанда тамаққа пастаның кетіп қалуынан сақ болу керек. Бірақ екеуін де зәуал уақытынан (күннің тас төбеге келуі) кейін пайдалану – мәкруһ.

Сұрақ: Түкірік пен қақырықты жұту оразаны бұза ма?
Жауап: Жоқ, бұзбайды.

Сұрақ: Астың дәмін көру оразаны бұза ма?
Жауап: Егер тамаққа ас кетіп жұтынбаса, бұзбайды.

Сұрақ: Намаз оқымаған адамның ораза ұстауына бола ма?
Жауап: Ораза – жеке-дара құлшылық. Намаз оқымаған адам да ұстай алады.

Сұрақ: Сәресі уақытын күн шығысымен тоқтату керек пе?
Жауап: Сәресінің аяқталу уақыты күннің шығуымен емес, таң намазының кіруімен есептеледі. Ендеше, аймағыңыздағы кесте бойынша таң намазы кіргенге дейін ауыз бекітіп үлгеруіңіз керек.

Сұрақ: Рамазан айының басында үш, ортасында үш, аяғында үш күн ауыз бекіту дұрыс па?
Жауап: Ораза айын ауру, яки, жолаушылық себептерден тыс бұлай бөле-жарып ұстауға болмайды.

Сұрақ: Рамазан айында төсек қатынасына түсуге бола ма?
Жауап: Рамазан айында ауыз берік болған мезгілде төсек қатынасына түсуге рұқсат жоқ. Ауыз берік бола тұра күндіз бұл әрекетке әдейі барған жандар рамазаннан кейін 60 күн үзбей кәфарат қазасын өтеуі тиіс. Ал, кешке ауызашар уақытынан кейін төсек қатынасына түсуге рұқсат етіледі.

Сұрақ: Ауыз бекіту дұғасы мен ауыз ашар дұғаларын қазақша айтуға бола ма?
Жауап: Ұлы жаратушы барлық ұлттардың тілімен қоса іштейгі айтылмаған тілектерін де біледі. Сондықтан ауыз бекіту және ауыз ашар дұғаларын арабша айту шарт емес.

Сұрақ: Сағыз шайнау оразаны бұза ма?
Жауап: Сағыздың дәмінен ауызда тәтті сұйықтық пайда болып, ол асқазанға түсетіндіктен ораза бұзылады.

Сұрақ: Қадір түнін таң атқанша ұйықтамай өткізу шарт па?
Жауап: Қадір түні – Рамазан айындағы ең қасиетті мүбәрак түн. Бұл түні жасалған ғибадат 83 жылдық сауапқа тең. Сондықтан бұл түнді нәпіл намаз, құран оқып, зікір айтып, салиқалы істер жасап, ғибратты әңгімелер мен уағыздар тыңдап өткізген абзал. Қадір түнін таң атқанша көз ілмей өткізу шарт емес. Әркім өз жағдайы мен ыңғайына қарай өткізеді.

Сұрақ: Крем жағу оразаны бұза ма?
Жауап: Терідегі ұсақ тесіктер арқылы ет пен терінің арасына сіңетін заттар оразаны бұзбайды. Мысалы крем жағу, май жағу, судың ішінде ұзақ тұру, жараның бетіне дәрі таңу т.б. Тек крем не майды жаққан кезде тым қалыңдатпаған жөн. Себебі, қалың жағылған май немесе крем дәрет алған кезде теріге су жеткізбеуі мүмкін. Ал теріге су тимеген жағдайда дәрет дұрыс болмайды.

Сұрақ: Жүкті әйелге ораза ұстау керек пе?
Жауап: Шариғатта құрсақтағы немесе емізулі балаға зияны тиеді деп қауіптенген анаға Рамазан оразасын тұтпай, кейінге қалдыруына рұқсат.

Сұрақ: Тіс жұлдыру оразаны бұза ма?
Жауап: Жоқ, бұзылмайды. Тіс жұлғаннан кейінгі аққан қанның ішке кетіп қалмауын байқау керек. Егер тісінен аққан қанды жұтып қойған жағдайда тек сол күнгі оразаның қазасын өтейді. Тіс жұлғанда салынатын ине де “табиғи емес” жолдармен ішке баратындықтан, бүгінгі ғұламаларымыз ол да оразаны бұзбайды дейді.

Сұрақ: Алдыңғы оразадан қарызы бар адам не істейді?
Жауап: Ханафи мәзһабы бойынша өткен оразадан қалған қарыз күндерді осы келе жатқан рамазанға дейін өтеу шарт емес. Дегенмен, оразаның қазасын тездетіп келесі оразаға дейін өтеп тастағаныңыз абзал.

Сұрақ: Құсса ораза бұзыла ма?
Жауап: Ораза кезінде аузы берік кісі “еріксіз” құсса ораза бұзылмайды. Ал ауызды толтыра әдейі құсу оразаны бұзады. Ондай жағдайда Рамазан айынан кейін сол күнді қайта тұту керек. Кәфарат қазасы керек емес. Ауыз толы болмаса бұзылмайды.

Сұрақ: Әтірдің немесе гүлдің иісін иіскеу оразаны бұза ма?
Жауап: Жоқ, бұзбайды. Осы орайда айта кету керек: темекі оразаны бұзатындықтан, аузы берік бола тұра темекі тартқан кісінің оразасы бұзылады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз