Озат оқушы синдромы емделе ме?

0
211

Мектепте қойылған баға адамның өміріне әсер ете ме? Білімді қаншалықты дұрыс бағалауда?

Оқушылардың көбі жақсы баға алу үшін ұстаз берген ақпаратты уақытша жаттап алады. Бірақ жылдар бойы озат болған оқушыға үш деген санның өзі құлағына түрпідей тиеді. Ұстаз шәкіртінің кемшілігін айтса, оған эмоционалды түрде қабылдау қиын болады. Бұл өте үздік оқушы синдромына әкелуі мүмкін. Тіпті, психологтардың өзі бұл сөзімді растайды. Өз сыныбыңызды есіңізге түсіріп көріңізші… Мұндай оқу озаттары барлығымызға таныс. Бәлкім Сіз де сондай бала болған шығарсыз?

«Бұл күрделі психологиялық тұлға саналады. Оның ерекшелігі – жоғары баға мен мақтауға ие болу, басқалардан озып шығуды мақсат етуінде. Дегенмен, қателесуге қорқақтап, екі немесе үш деген бағаны есту олардың жүйкесіне кері әсерін тигізеді. Көп жағдайларда «озат оқушы синдромының» себебі отбасындағы қарым-қатынасқа тікелей байланысты. Атап айтқанда: әке-шешенің шектен тыс талабы, мұндайда көп ата-ана баласын кезіндегі өзінің сәтсіздіктерін өтеуге ойша мәжбүрлейді. Назардың болмауы мен өзін-өзі төмен бағалау да аталмыш синдромға әкеліп соғатын факторлар. Мәселен, озат оқушы тек алда болуды мақсат етіп, түрлі жарыстарда жеңіске жетуге ұмтылады. Әдетте, жеңіліс оларға қиынға соғатыны белгілі. Алайда, мұның да шешімі жоқ емес. Айта кету керек, ата-ана мектеп кезінен студент кезінен дейін балаға еш нәрсеге рұқсат бермей тәрбиелеу дұрыс емес. Себебі, ол қысымда өскен бала махаббатты басқа адамнан іздейді. Жалпы балаға қоғамда не болып жатқанын үйретіп, оған таңдау еркіндігін беру керек», – деді психоанализ бағытындағы псхиолог Сымбат Дюсембекқызы

Күйзеліске түскен адам жан дүниесін тазаруды талап етеді. Сонымен қатар топтық тренингтердегі тәсілдер де өз көмегін тигізеді.

Қиындықтармен бетпе-бет келу, тәжірибенің жоқтығы… «Үздіктер синдромы» көбіне іштегі күйзелісті одан әрі арттырады. Әдетте мұндай балалар нашар баға алудан қатты қорқып, алған жағдайда өзін жегідей жейді. Бұл синдром эмоционалдық тұрақсыздық негізінде дамиды. Ал жасөспірімдерде әлеуметтік қорқыныш пайда болады. Мәселен көпшілік ортада сөйлеу, шығармашылық тапсырмалар, құрбыларымен қарым-қатынас жасау. Міне, аталмыш жағдайларда олар өзін ыңғайсыз сезінеді. Мұндай кезде психологиялық түзету болмағанда іштегі проблема асқынып кетуі мүмкін.

Енді синдромды жеңудің жолдарын қарастырып көрелік… Оң ықпал болуы үшін балалық шаққа көз жүгірткен жөн. Балаға сәтсіздік пен жеңілістің дұрыс жағын көрсету арқылы маңызды аспектіні үйретуге болады. Балаға жеңілістің өзі жеңіске жетелейтінін түсіндіру маңызды. Ал озат оқушы синдромын өзінен байқаған жағдайда көбірек серуендеп, жақын достарымен әңгімелесіп, жеңілісті қабылдай білуді үйрену керек. Психологтардың айтуынша, қателіктен қорықпай, жаңа дүниелер арқылы өзін сынау қажет. Бүгін құласаңыз, ертең сүрінсеңіз, ештеңе етпейді. Бұл – үлкен тәжірибе.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз