Мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің туғанына 80 жыл толуына орай Алматыда ас берілді, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі “Адырна” сайтына сілтеме жасап.
Жиын барысында саясаткердің өмір сүрген жылдарындағы естеліктері мен туған ауылына ескерткіш қойылатыны айтылды.
Еске алу жиынына Президенттің кеңесшісі әрі Баспасөз хатшысы Берік Уәли арнайы қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жазған хатын оқып берді.
“Құрметті қауым! Биыл белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің туғанына 80 жыл толды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында ел мүддесі үшін аянбай еңбек еткен азаматтар аз емес. Заманбек Қалабайұлы – осындай тұғырлы тұлғалардың бірі. Ол егемендіктің алғашқы кезеңінде көптеген жауапты қызметті абыроймен атқарды. Мемлекеттігімізді нығайтуға айрықша атсалысып, өңірлерді өркендетуге зор үлес қосқаны даусыз. Ұлт перзенттерінің есімін ел жадында жаңғыртып, еңбегіне лайықты баға беру – ұрпақ парызы. Осы орайда, Зәкеңнің туған жері – Алматы облысының Кеген ауданында оған ескерткіш орнату және Алматыдағы тұрған үйінде ескерткіш-тақта ашу қажет деп санаймын. “Тарих – таразы” деп бекер айтылмаған. Халқымыздың кесек тұлғалы азаматының елге сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Баршаңызға зор денсаулық, бақ береке тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!”, – делінген хатта.
Заманбек Қалабайұлы 1944 жылы Алматы облысы, Нарынқол ауданында өмірге келген. Саясаткер 2005 жылдың 12 қарашасында өз үйінде денесіндегі атылған үш оғымен өлі күйінде табылды. Екі оқ кеудесіне тиген, біреуі басына тиген. Болған оқиғаның ресми нұсқасы бойынша өз-өзіне қол жұмсаған деп танылды. Ол Алматыдағы «Кеңсай» зиратына жерленген.