5 қаңтардан бері Астана қаласындағы тергеу изоляторларының бірінде қамауда отырған Кара Озан Кадир есімді түрік азаматының адвокаты Юлия Шакир Түркияның Қазақстандағы елшілігіне ашулы екенін білдірді.

Kazakistan.kz ақпарат агенттігінің тілшілерімен кездескен Юлия Шакир қорғалушысының ісін 18 қаңтардан бері жүргізіп келе жатқанын айтты. Ережелерге сәйкес бұл сот ісі жайында мәлімет бере алмайтынын жеткізген Ю.Шакир тергеу жұмыстарының әділ жүргізілуі үшін көптеген инстанцияларға жүгініп, әбден табан тоздырғанын жеткізді.

К.О.Кадирдің құқығын қорғау ниетімен бірден Түркия елшілігіне хабар берген адвокат түрік дипломатиялық өкілдігі тарапынан Түркия азаматына қандайда бір көмек көрсетіледі деп күткен. Қорғаушының айтуынша, өз практикасында шетел азаматтары істі болғанда сол елдің елшіліктері барлық процеске белсене қатысып, қорғалушыларына бастан аяқ қолдау көрсетеді. Ал түрік елшілігі істі болған отандастарына немқұрайлы қарап келеді.

К.О.Кадирдің ісін қолға алғалы Юлия Шакир елшілікке қоңырау шалуын үдетіп дамыл бермесе де, Астанадағы консулдық былқ етпеген. Елшілік өкілдері адвокаттың мәселеге қатысты хатын қабылдамай, әбден әлек қылған. Ю.Шакир ұзын сонар қоңыраулардан кейін барып елшілікке хатын табыстаған, оның өзінде де Түркияның Қазақстандағы елшілігі хаттың кіріс нөмірін бермеген, яғни хатты тіркеуге алмаған.

-ТҮРІК ЕЛШІМЕН КЕЗДЕСЕ АЛМАҒАН АДВОКАТ ТҮРКИЯ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНЕ ДЕ ХАТ ЖАЗҒАН

Түрік елшісі Невзат Уяныкпен кездескісі келгенін мәлімдеген К.О.Кадирдің адвокаты бұл бастамасының да жауапсыз қалғанын айтады. Елшілік өкілдері адвокаттың аузын қу шөппен сүрткен: Н.Уянык бірде бос емес болса, бірде жұмыс орнынан табылмаған.

Юлия Шакир, сонымен қатар, Түркияның Сыртқы істер министрлігіне ресми фейсбук парақшасы арқылы хат жазған. Қырсыққанда олар да жым-жырт.

-ТҮРІК ЕЛШІЛІГІ ҚАЗАҚСТАНҒА НОТА ЖІБЕРМЕК БОЛҒАН..

Юлия Шакир ақпан айының орта кезінде түрік елшілігінен өзін «секретарьмын» деп таныстырған біреу хабарласып, К.О.Кадирдің ісінен елшіліктің хабары бар екенін мәлімдей келе, Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне тиісті нота жіберіледі деп сендірген. Адвокаттың топшылауынша, дипломатиялық нотанын жіберіліп жіберілмегенін тексеру түрік елшілігінен хабар алынбауына байланысты мүмкін емес.

-КАРА ОЗАН КАДИРДІ ҚАМАҚҚА АЛҒАН ТЕРГЕУШІ ІСТЕН ШЕТТЕТІЛДІ

Астана адвокаттар коллегиясының мүшесі Юлия Шакир Кара Озан Кадирдің ісінде ілгерілеудің болғанын айтады. Ю.Шакирдің айтуынша, тергеу жұмысын жүргізген тергеуші қылмыстық істі ашарда заңсыз әрекеттерге барған. Осы жайттар ашыққа шығып, әділдіктен аттағаны белгілі болған тергеуші бұл істен шеттетілген. Ю.Шакирдің пайымдауынша, міндетін жауапсыз атқарған осы тергеушінің кесірінен қорғалушысы осы уақытқа шейін тұтқында отыр.

-ИЗОЛЯТОРДА ОТЫРҒАН КАРА ОЗАН КАДИР ӘЛЕУМЕТТІК ОҚШАУЛАУДА

Юлия Шакир екі ай бойы тергеу изоляторында отырған қорғалушысының хал-жағдайы туралы да әңгімелеп берді. Ю.Шакирдің айтуынша, Кара Озан Кадир оңаша камерада емес, изоляторда көпшілікпен бірге отырса да, қазақ немесе орыс тілдерін білмеуіне байланысты оқшаулауда. Жанындағы айыпталушылар мен бақылаушы қызметкерлермен ым-ишарамен ғана түсініседі. Мысалға, Ю.Шакир осы істі қабылдаған кезде қорғалушысы тұмауратып ауырған, алайда тілдік кедергінің кесірінен медициналық көмек қабылдай алмаған. Адвокат бұл жайтты да елшілікке жеткізгенін, бірақ олардың селсоқ қарағанын айтып налиды. Ақырында К.О.Кадирге ем-дом шараларының көрсетілуіне қорғаушылары түрткі болған.

Түрік азаматы осы уақытқа шейін адвокаттар мен аудармашыдан басқа ешкіммен кездеспеген. Жақындары мен туыстары Түркияда, ал ауыр қылмыс бойынша айыпталуына байланысты өзге азаматтармен кездесуіне тиісті пәрменсіз рұқсат етілмейді. Заң бойынша, дипломатиялық паспорт иелерінің айыпталушымен жүздесуіне болады. Алайда, жоғарыда айтылғандай, елшілік қызметкерлері отандастарының қал-жағдайын білуге бас сұқпаған.

К.О.Кадирдің адвокаты сөзінің соңында сот ісін жүргізуші тергеушінің әділетсіздігі мен түрік елшілігінің немқұрайлылығының арасында ортада қалғанын мәлімдеді. Ю.Шакир қорғалушысының ақталуын жеделдету үшін шарасыздықтан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына хат жазғанын жеткізді.

Kazaknews.kz сайты Астаналық бір бойжеткеннің түрік азаматымен өз еркімен төсектес болып, кейін оны зорлады деп айыптағаны жайында жазған болатын.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз