Сұйытылған газ бағасы бензин бағасымен теңесуі мүмкін – Энергетика министрі

0
35

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына берген жауабында  сұйытылған газ бағасы бензин бағасымен теңесуі мүмкін екенін мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform. 

«Бізде сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемі күрт өсіп кетті. Ол негізі автомобильдерді газға ауыстырумен байланысты. Әсіресе көліктерді әуесқой тәсілмен газ жағатын етіп қайта жабдықтау жаппай белең алды. 9 айдың ішінде сұйытылған газдың өндірісінен туындайтын теңгерім 25 пайыз артты. Бізге қосымша көлемдер іздеуге тура келіп отыр. Біз «Теңізшевройлмен» келіссөз жүргіздік. Олар ішкі нарыққа ай сайын қосымша 10 мың тонна жеткізіп тұр. Біз «ҚазМұнайГаздың бүкіл көлемін ішкі нарыққа бағыттадық. Осының есебінен теңгерімді ұстап тұрмыз. Яғни, қазір сұйытылған газ тапшылығы жоқ. Өңірлерде жеткізуден туындаған мәселелер бар шығар. Біз осыны проблема деп отырмыз», – деді ол.

Министр қазақстандықтарға көлігін газға ауыстыруға асықпау керек деген кеңесін тағы қайталады.

«Машиналарды осындай қарқынмен газға ауыстыра беретін болса, келешекте газ өңдеу қуаттарының әлеуеті қысқа мерзімдегі қажеттіліктерге жетпей қалуы мүмкін. Тіпті сұйытылған мұнай газын импорттауға мәжбүр болуымыз мүмкін. Ол кезде баға мүлде басқаша болады. Тіпті бензин бағасымен салыстыратындай деңгейге шығуы ықтимал. Сондықтан автомобиль тізгіндеушілерді көліктерін газға ауыстыруға асықпауға үндеп жүрміз», – деді Алмасадам Сәтқалиев.

Сондай ақ көлікті газға ауыстырумен айналысатын әуесқойлардың жұмысына шектеу қойылуы мүмкін екенін айтты.

«Сұйытылған мұнай газы сұйытылған көмірсутек газына жататын білесіздер. Бұл адам үшін қауіпсіздігі 4-класқа жататын қосылыс деген сөз. Ауамен араласқан кезде жарылып, өрт туындататын заттың бірі болып есептеледі. Яғни, осы өнімді қолданушыларға мұны да ескеру керек. Біз бірқатар шара қабылдауды жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде сұйытылған мұнай газының экспортына тыйым салдық. Қазір көлік иелеріне машинасын газға ауыстырмауға кеңес береміз деп айтып жүрміз. Кейін осындай әуесқой тәсілмен көлікті газға ауыстыру амалдарын толық тыйым салуға дейін баратын шектеу шараларын қабылдауымыз мүмкін», – деді ведомство басшысы.

Айта кету керек, министр сұйытылған газды жанармай ретінде пайдаланғаннан да мұнай-химия өндірісінде шикізат ретінде қолдану әлдеқайда тиімді екенін еске салды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз