Конституция күніне орай Ақтау қаласында мерекелік концерт өтті. Концерт барысында ұйымдастырушылар қазақтың ұлттық дәстүрі мен тағамдарын насихаттау мақсатында «Шұбат ішу», «Бауырсақ жеу», «Қарбыз асау» сайыстарын өткізді.
Әр сайысқа қатысуға ниеттілер көпшілік арасынан сол сәтте анықталды. Олардың жылдамдықтары сыналып, тағамды ең бірінші тауысқаны үздік деп танылды. «Мен мұнда концерт тамашалауға келгенмін. Шынымды айтсам, мұндай сайыстар ұйымдастырылатынын білмедім. Дегенмен сайысты хабарлаған кезде қатысып көрейін деп шештім. Күнделікті өмірде үш стақан шұбатты бірден ішіп тауыса алмаймыз ғой, оның үстіне ыдыс үлкендеу. Бірақ барынша жылдам болуға тырыстым», — дейді шұбат ішуден сынға түскен Гүлмира Бердіқұлова. Ұйымдастырушылар сайыс үшін ауылдан арнайы бірнеше литр шұбат алдырып, қап-қап бауырсақ әзірлеген. Мangystaumedia.kz хабарлағандай жүлдегерлерге орталық әзірлеген арнайы сыйлықтар мен дипломдар табысталды.
Айта кетейік, жеңімпаздарға шұбат, бауырсақ, қарбыз да сыйға берілді.