Түркістандағы оқушылар жәбірі: полиция тергеу шараларын бастады

0
142
бейнежазбадан алынған кадр

21 – қаңтарда әлеуметтік желіде бір топ жоғары сынып оқушыларының өздерінен төмен сыныптарда оқитын балаларды мазақ қылған бейнежазба жарияланды.

Түркістан қалалық білім бөлімінің ақпарына сәйкес, Түркістан қаласы Ж. Еділбаев мектебінің 9-сыныбының төрт оқушысы, Абай атындағы №31 мектебінің 9-сыныбының үш оқушысы, осы жылдың 18-қаңтар күні сағат 17.00 шамасында Т. Бигелдинов мектебінің 9-сыныпта оқитын үш оқушысын көшеден алып кетіп, Бекзат мөлтек ауданына апарып, жәбірлеп, соққыға жыққан.

Іске қатысы бар жасөспірімдер анықталды. Қазіргі уақытта Қылмыстық Кодекстің 293 бабының 2-тармағына сәйкес, қылмыстық әрекет бойынша тергеу-тексеру амалдары жүріп жатыр.

“Жасөспірімдер зардап шеккен жағдайды есепке ала отырып, ішкі істер министрлігі болған оқиғаны толық зерттеп, аймақтың жергілікті орындаушы органдарына кешенді оңалту шараларын жүргізу туралы бастама қояды”, – деп мәлімдеді ІІМ ішкі және сыртқы коммуникация департаментінің басшысы Алмас Садубаев.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі бейнежазбаға қатысты пікір білдірді. Қалалық білім беру бөлімі облыстық ішкі істер департаменті, Түркістан қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы, төбелеске қатысқан оқушылары бар үш мектеп директоры шұғыл брифинг өткізді.

Брифинг барысында қалалық білім беру басқармасының басшысы Ақмарал Батырбекова оқиға 18-қаңтарда сағат 17.00-де болғанын мәлімдеді. Батырбекованың сөзінше, қалалық білім беру бөлімі мұндай басыбайлықтың алдын алу бойынша шараларды ұйымдастырып тұрады, әрі іске қатысы барлар анықталған, тергеу шаралары жүріп жатыр.

Өз сөзінде тергеу бөлімінің жетекшісі Болат Елмұрзаев кәмелетке толмағандарға қатысты тергеу амалдары туралы баяндады. Ата-аналардың, мектеп директорлары мен жасөспірімдермен жұмыс жасайтын полициялардың жауапкершілігі назарда екенін алға тартты. Аталған жағдай облыстық білім беру басқармасы мен облыстық полиция департаментінің қадағалауында.

“Төбелестің себебін айтуға әзірге ерте, себебі тергеу жүріп жатыр. Зардап шеккендердің денсаулығы қалыпты. Мектепке барып, сабақтарға қатысып жүр”, – деді баспасөз қызметінде.

 

Safina Said

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз