Тоқаев “Алтын Орда” базарында тәртіп орнатуды тапсырды

0
484
"Алтын Орда" базары.

8 ақпан күнгі үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы “Алтын Орда” базары мәселесіне тоқталды.

Президенттің сөзінше, шамамен 3 млн адам тұратын Алматы қаласы мен маңындағы елді мекен тұрғындары көп пайдаланатын базарға “тәртіп” қажет.

“Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдеріне үкіметпен бірлесіп, базарға тәртіп орнатуды тапсырамын. Бұл жер пайдакүнемдер үшін нағыз май шелпекке айналды. Бұған Алматыдағы қаңтар оқиғасы кезінде анық көз жеткіздік. Бұл басқа өңірлерге де қатысты мәселе. Қажет болса, бұл жұмысқа құқық қорғау орган өкілдері атсалыссын. Екі ай уақыт беремін”, – деді Тоқаев.

Ел арасында бұл базарды бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевпен де байланыстырады.

Қаңтардың соңында жергілікті ақпарат құралдары 2021 жылы қарашада базарды жабу туралы сот шешімі шыққанын хабарлаған. Ақпаратқа қарағанда, салық органдары “Алтын Орда базары” ЖШС-ін жою туралы сотқа шағым түсірген. Оған базар басшыларының салық міндеттемелерін орындамауы түрткі болған. Нәтижесінде шағым қанағаттандырылып, күшіне енген. Ашық дереккөздерге сүйенген Exclusive.kz сайты 2012 жылы құрылған “Алтын Орда базарының” жылдар бойы мүлде салық төлемегенін жазады. Сайттың жазуынша, базар басшысының Болат Назарбаевпен бірге ортақ бизнесі бар.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз