Тоқаев: Сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдік берілмейді

0
233
фото: тг/ БОРТ N1

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 27 қыркүйекте Түркістан облысындағы жұмыс сапары кезінде халықпен кездесу өткізіп, Ресейден келген азаматтар туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі.

21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин ел азаматтары ішінара әскерге алынатынын мәлімдеді. Осы жарлыққа қол қойылғаннан кейін Украинаға соғысуға барудан қашқан азаматтар көрші елдерге, оның ішінде Қазақстанға да келді.

“Қазақта «Көршімен татудың көңілі тоқ» деген сөз бар. Ең бастысы, іргелес елдермен тату болуымыз керек. Бұдан еш ұтылмаймыз. Соңғы күндері көрші елден, яғни Ресейден көптеген адам келе бастады. Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатыр. Оларға қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беруіміз қажет. Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе. Осы мәселені мен Үкіметке тапсырдым”, – деді президент.

Мемлекет басшысы елдер арасында болып жатқан соғысты ескеріп, халықты бірлікке шақырды.

“Халқымыздың ең басты күші – бірлік, парасаттылық және төзімділік. Осы құндылықтардан айырылып қалсақ, елімізге үлкен қауіп төнеді. Мемлекеттердің территориялық тұтастығы міндетті түрде сақталуы керек. Бұл – негізгі қағидат. Мен мұны халықаралық аренада үнемі ашық және анық айтып жүрмін. Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымына барып, ең биік мінберден бұл туралы тағы да мәлімдедім. Бұның бәрі бекер емес. Айналамызда ауқымды соғыс болып жатыр. Біз осыны ескере отырып, ең алдымен, еліміздің қауіпсіздігін ойлауымыз керек”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

23 қыркүйекте Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметі Ресейде мобилизация жарияланғалы бері әскерге барудан қашқандардың көрші елдерге ағыны, оның ішінде Қазақстанға да өткісі келетіндер көбейгені туралы хабарлаған еді.

Оқи отырыңыз: ҰҚК шекара қызметі: Ресейден Қазақстанға өткісі келетіндер көбейді

“Жалпы, осындай күрделі жағдайда біз ең алдымен адамгершілік, сабырлық, ұйымшылдықты танытуымыз керек. Бізде ешқандай дағдарыс жоқ, дүрбелең де жоқ. Үкімет өз жұмысын атқаруы керек. Сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер берілмейді. Жұмыстың бәрі заң бойынша, келісімдер бойынша жүргізіледі”, – деді мемлекет басшысы.

Шекара қызметі 21 қыркүйектен бері қанша Ресей азаматының Қазақстанға өткені жайлы мәлімет жарияламаған. Ел президенті қазіргі жағдайды Ресеймен келіссөз арқылы шешетінін хабарлады.

“Біз Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіп, бұл түйткілді еліміздің мүддесіне сай шешеміз. Тағы да қайталап айтамын, осындай алмағайып кезеңде бізге, ең алдымен, береке-бірлік қажет. Елдің тыныштығын сақтай білсек, тұрақты дами аламыз. Барлық мәселені байыппен талқылап, ақылмен шешуіміз керек”, – дейді президент Тоқаев.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз