Тоқаев Түркістан облысы жұртшылығымен кездесу өткізуде

0
199
фото: тг/БОРТ N1

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 27 қыркүйекте жұмыс сапарымен Түркістанға барды, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі.

Ақорда мәліметі бойынша мемлекет басшысы алдымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесін зиярат еткен.

“Түркістан – Атажұртымыздың алтын қазығы. Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі”, – дейді президент.

фото: тг/БОРТ N1

Түркістан халқымен кездесуінде президент қаланың қазіргі жағдайы туралы мәліметпен бөлісті.

“Менің қасиетті Түркістанға ықыласым ерекше екенін білесіздер. Мемлекет басшысы ретінде алғашқы сапарымды дәл осы жерден бастаған едім. Содан бері мұнда көптеген оң өзгеріс болды. Соңғы жылдары Түркістанға тартылған инвестиция көлемі 8 есе артты. Қаланың инфрақұрылымы жаңғырып, жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Атап айтқанда, 77 мың адамға арналған көп қабатты үйлер салынды. Шаһар жасыл желекке оранып, экологиялық ахуалы жақсарды. Тұрғындарды ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі шешілді деп айтуға болады”, – дейді президент Тоқаев.

Бұдан бөлек мемлекет басшысының хабарлауы бойынша кейінгі үш жылдың ішінде Түркістанға екі миллионға жуық турист келген.

“Түркістан – еліміздегі ең басты туристік орталықтың бірі. Осы аймаққа келіп жатқан көптеген меймандар – соның айқын көрінісі. 2019 жылдан бері облысқа 2 миллионға жуық турист келді”, – дейді мемлекет басшысы.

фото: тг/БОРТ N1

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз