Тоқаевтың жаңа сұхбаты жарияланды

0
287
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық арна журналисі Жайна Сламбекке сұхбат беріп отыр. Photo: Facebook/BerikUali

17 ақпан кешке Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік арнаға берген сұхбаты жарық көрді. Бұл президенттің “қаңтар оқиғасынан” кейін отандық БАҚ-қа берген екінші телесұхбаты. Осыдан екі апта бұрын Хабар 24 арнасына берген сұхбатына көп сыни пікір айталған еді. 

Президент сұхбатында қаңтар көтерілісі, қамалғандарды азаптау, саяси реформалар, Ресеймен қарым-қатынас және басқа мәселелерді сөз етті.

Тоқаев сұхбатында қаңтар оқиғасы кезінде сырттан ұйымдасқан қылмыскерлер шабуыл жасады деген ойын тағы қайталады. Бұл жолы президент Сирияны мысалға келтірді және “қарулы шайқас” деген тіркес қолданды.

– Қарулы шайқастар Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылордада жүріп жатты. Елордада лаңкестердің дайындық жұмыстары байқалды. Олар тіпті Ақордаға шабуыл жасауға дайын болды, – деді президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, кейбір беделді сарапшылар “лаңкестер Қазақстанның басты екі қаласын басым алмақ болды” деген болжам жасаған. Бірақ Тоқаев сарапшылардың аты-жөнін атамады. “Бұл – Сириядағы сценарийге ұқсас жоспар” деді ол.

– Мыңдаған адам қаланы қиратып, нағыз террористік әрекеттерге барды. Бірақ, қазір бәрі жай ғана бейбіт азамат болып шықты. Бұған кім сенеді? Жалпы, лаңкестерді, қарақшыларды халық қаһармандары, батырлары деп айтуға болмайды. Бұл ешқандай шындыққа келмейтін жалған уәж, – деген Тоқаев әр іс әділ тергелетінін айтты. Бірақ Азаттық күдікті ретінде қамауда жатқандардың арасында қарапайым қызметкерлер, белсенділер, тіпті кәмелет жасына толмаған жас балалар бар екенін анықтаған.

Сұхбатта қаңтар оқиғасында қаза тапқандардың деректерін жариялау мәселесі көтерілмеді. Тек Тоқаев бір сөзінде “халықтың көкейіндегі барлық сұраққа жауап беріледі” деп қысқа қайырды.

Мемлекет басшысы бұл сұхбатта да экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың “мемлекетті қалыптастырудағы рөлін жоғары бағалайтынын” айтты, бірақ оның жұмысына “объективті баға беру” керегіне де тоқталды.

– Тұңғыш президенттің кемшіліктері болса, оны жас басшыларға өсиет ретінде қарастыруымыз керек. Қаңтар оқиғалары еліміз үшін де, мен үшін де үлкен сабақ болды, – деді Тоқаев.

Мұнымен бірге ол халықтың көпшілігі кедей екенін, байлықтың “аз ғана топтың қолына берілгенін” және “идеологиядағы олқылықтарды” айтып, Назарбаевтың саясатын жанама түрде сынады.

Қаңтар оқиғалары басталғанда Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесі төрағасы қызметін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтан өз қолына алатынын мәлімдеген. Содан кейін бұрынғы президент ұзақ уақыт жұрт алдына шықпай кетті. Кейін парламент Назарбаевтың өкілетін азайтынын заң қабылдады. Көп ұзамай экс-президенттің туыстары лауазымды қызметтерінен кете бастады, ал мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева жыл басынан бері қызмет орнына келген жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев наурыздың ортасында халыққа жолдау арнап, саяси реформалар туралы жариялайтынын жеткізді. Бірақ әңгіме қандай реформа туралы екені нақтыланбады. Тек келесі жылдан “пилоттық жоба ретінде” аудан әкімдерін сайлауды қарастыратынын айтты. Қазақстандық және шетелдік сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері сайлау және саяси партиялар туралы заңдарды өзгертіп, шынайы демократиялық өзгерістерге бастайтын саяси реформаларды қолға алуды бұрыннан айтып келеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз