Тойдағы видео және фотоны әлеуметтік желіге салуға болады ма?

0
161

Тойда және басқа да мерекелік шараларда түсірілген видео және фотолар қазіргі таңда әлеуметтік желіде толып жатыр. Осылай біреуді сыртынан түсіріп әлеуметтік желіге тарату заңды ма? Бұл сұраққа заңгер Думан Көпбаев жауап берді, деп хабарлайды  Kazaknews.kz тілшісі Massaget сайтына сілтеме жасап.

Заңгердің бұл сұраққа жауап берер кезде ҚР Азаматтық кодексiнің 145-бабына сүйенді:

  1. Қандай да бiр адамның суреттiк бейнесiн оның келiсiмiнсiз, ал ол қайтыс болған жағдайда – мұрагерлерiнiң келiсiмiнсiз пайдалануға ешкiмнiң де құқығы жоқ.
  2. Басқа адам бейнелеген бейнелеу туындыларын (сурет, фотосурет, кинофильм және басқалар) – бейнеленген адамның келiсiмiмен, ал ол қайтыс болғаннан кейiн оның балалары мен артында қалған жұбайының келiсiмiмен ғана жариялауға, қайта шығаруға және таратуға жол берiледi. Егер заң құжаттарында белгiленсе, не бейнеленген адам ақы алып кескiнделген болса, ондай келiсiм талап етiлмейдi.

Осылайша Думан Көпбаев, басқа адамның видеосын оның келісімінсіз қолдану заңсыз екенін айтты.

«Яғни бұл норма адамдарды олардың келісімінсіз түсіруге болмайды деп емес, ол тек адамдардың суреттерін немесе видеоларын олардың келісімінсіз қолдануға болмайды деп айтады. Мысалы, видеоны адамның келісімінсіз желіге салуға, басып шығаруға және көпшіліктің назарына ұсынуға болмайды», – деп түсіндірді заңгер.

Мұндай видеоларды әлеуметтік желіге той қонақтары ғана емес, асабалар да салады. Олар әдетте өз ойындарына қатысқан қонақтардың видеосын парақшасына салып, өзін жарнамалайды. Егер асаба парақшасынан өзіңіздің видеоңызды көрсеңіз және ол сізден рұқсат алмаған болса, оны сотқа бере алатыныңызды айтты.

«Егер ол(асаба) сіздің рұқсатыңызсыз видеоны жариялап жіберсе, бұл жағдайда не істей аласыз? Мұндай азамат сот арқылы өз құқықтарын қорғай алады. Ол сотқа шағымданады және сотта асабаның әрекеті заңсыз болып саналады. Себебі ол біреудің видеосын салу арқылы өзінің атын шығарып жүр, ол одан белгілі бір клиенттер жинайды және пайда тауып жүр. Ол видеоны жариялау үшін сол адамдардың рұқсатын алу керек немесе келісімін алып, оларға ақшалай төлеу керек. Бұл тек асабаларға емес, барлық адамдарға қатысты», – дейді ол.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз