Вирусқа байланысты ҚМДБ үндеу жариялады

0
125
ҚМДБ бас ғимараты.

 Коронавирустың өршуіне байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) үндеу жариялады.

ҚМДБ баспасөз қызметінің хабарлауынша, діни басқарма барша мұсылман қауымын көпшілікпен өтетін ас-садақа мен жиындарды, іс-шараларды мүмкіндігінше кейінге шегеруге шақырады.

Ал жамағатпен оқылатын бес уақыт намазға қатысқан жағдайда құлшылықтан кейін қол беріп амандасудан, бір орынға жиналып дұға етуден сақтануға үндейді. Өйткені, құлшылықтан кейін қол алып амандасу намаз шарттарына жатпайды.

Мешітке келуші мұсылман жамағатын төмендегі сақтық шараларға мән беруге шақырамыз:

  1. Мешітке бетперде (маска) киіп келу;
  2. Намаздан тыс мешітте топтаспау;
  3. Мешітке үйден дәрет алып келу;
  4. Мешітке кіргенде және намаздан соң қол беріп амандаспау;
  5. Намаздан кейін көп кідірмей мешіттен шығу;
  6. Жамағатпен оқылатын намазға балиғатқа толмаған балаларды алып келмеу;
  7. Қариялардың, науқастар мен әйелдердің жамағат намазына қатыспағаны абзал.

“Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиетінде: “Бір жерде жұқпалы аурудың бар екенін білсеңдер, ол жерге бармаңдар, ал егер сол жерде болсаңдар, сыртқа шықпаңдар”, – деген (Муслим). Сондықтан барша жамағатты өзі мен отбасының, еліміз бен жеріміздің амандығы үшін Жаратқанға дұға жасауға шақырамыз. Алла Тағала жер бетіндегі күллі адамзатты түрлі апаттан, жаман аурудан сақтағай! Әмин!”, – делінген үндеуде.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 коронавирусын пандемия деп жариялады.

11 наурыздағы дерек бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 125 мыңға жуықтады. Қаза тапқандар 4500-ден асқан. Көз жұмғандардың көбі Қытайда (3158), Италияда (800-ден асты), Иранда (354). Қазірге дейін әлемде 67 мың адам дерттен айыққан.

Қазақстанда ресми дерек бойынша, коронавирус табылмаған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз