Зейнетақы қорындағы қаржыны қандай ауруларды емдеуге алуға болады?

0
206

17 ақпанда Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі зейнетақы қорындағы ақшаны емделуге жұмсауға рұқсат беретін бұйрықты жариялады.

Ел азаматтары зейнетақы қорындағы ақшасын пайдалануға мүмкіндігі болса, кепілдендірілген тегін медициналық көмек не міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне кірмейтін ем-домды ала алады.

Зейнетақы қорындағы ақшамен мына медициналық көмектерді ала алады:

  • Орфандық (сирек кездесетін генетикалық дерттерді) ауруларды емдеу. Осы дертті емдеуге қажетті дәрі мен диагностикалық тексеруді төлеуге болады;
  • Қазақстан аумағындағы медициналық ұйымдарда стоматологиялық қызметтерді (тіс протездеу, импланттау) алу;
  • Операциядан кейінгі тыртықтар мен туа біткен ақауларды, сондай-ақ жүргізілген мастэктомиядан кейінгі түзету мақсатында реконструктивтік және қалпына келтіру операциялары (пластикалық операциялар);
  • Радионуклидтік және радиойодтерапия;
  • Радиохирургиялық емдеу (гамма-пышақ, киберпышақ);
  • Протон терапиясы;
  • Офтальмологиялық қызметтер (мүйізді коллагеннің кросслинкингі, көзді лазерлік түзету).

Халық зейнетақы қорындағы ақшаны ем-домға алу үшін алдымен Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қайырылып, жинаған қаржысының “қажетті шекке” жететінін я жетпейтінін білу керек. Кейін тұрғылықты жері бойынша емханадағы дәрігерлер комиссиясына қайырылып, емделуге жолдама алуы тиіс. Дәрігерлер комиссиясы әр өтінішті бес жұмыс күннің ішінде қабылдауы керек.

Қазақстан билігі жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігіндегі ақшаны жер, үй алуға, үйін жөндеуге, ипотека төлеуге, емделуге алуға рұқсат берген.

Бірақ үкіметтің зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалану туралы шешімі қоғамда жиі сынға ұшырады. Себебі зейнетақы жинағынан “қажет шегінен” асқан азаматтар ғана ақшаларын ала алады. Мәселен, 20 жастағы адам зейнетақы қорынан ақша алғысы келсе, есепшотында 1 млн 710 мың теңге, 30 жастағы адамның 2,5 млн, 50 жастағы адамның 4 млн 470 мың теңгесі болуы керек.

Қоғамда “қажет шектің” енгізілуі мұқтаж адамдарға көмектесе алмайды деген пікір көп. Өйткені әдетте үйі жоқ жандар бұл жаста зейнетақы қорына мұнша ақша жинай алмайды, ал шотында ақшасы көптердің тұрғын үйі бар деген уәж жиі айтылды. Кейбір мамандар халықтың аз ғана бөлігін қамтитын бұл шараның экономиканы сауықтырып, адамдардың мәселесін шешуде тиімділігі аз болады деген тұжырым жасады. Бұған қоса, зейнетақы қорынан мерзімінен бұрын алатын ақшаға 10 пайыз табыс салығы салу да сынға ұшырады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз