БЖЗҚ-ның негізгі көрсеткіштері бойынша зейнетақы жинақтарының өсу қарқыны байқалып отыр, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
“2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары 14,7 трлн теңгені құрады. Айта кету керек, 2022 жылы бұл көрсеткіш 1,6 трлн теңгеге (немесе 12,2%) өсті. Салыстырып қарасақ, 2021 жылы зейнетақы жинақтарының өсімі тек 1% құрады”, – делінген БЖЗҚ мәліметінде.
Міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтары 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 14,2 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 11,9% ұлғайды.
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 12 айда 23,4% өсіп, шамамен 445,4 млрд теңге болды.
Атап айтқанда, ең үлкен өсімді, яғни 107% астам көрсеткішті ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтар берді. Олар 2022 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 3,6 млрд теңгені құрады.
“Жинақтардың жалпы өсімі зейнетақы жарналары мен инвестициялық табыс түріндегі кіріс ағындары есебінен қамтамасыз етілді. Бұл ретте салымшылардың шоттарына жарналар түрінде бір жыл ішінде 1,7 трлн теңгеден астам қаражат түсті. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 29 %-ға көп. Өсім жарналардың барлық түрлері бойынша байқалды”, – деп аталып өткен хабарламада.
2022 жылы инвестициялық кіріс 914 млрд теңгеден асты. Яғни, былтырдың қорытындысы бойынша активтердің кірістілігі оң көрсеткіштерді байқатып отыр.
БЖЗҚ-дан төлемдер түріндегі қаражат жыл басынан бері шамамен 1,2 трлн теңгені құрады. Оның басым бөлігі тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЖТ) – 918 млрд теңге.
2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 12,1 млн-ға жетті. Міндетті зейнетақы жарналарына қатысты 11 млн есепшот бар. Биылдың басында МКЗЖ бойынша шоттар саны 595 710-ды құрады. ЕЗЖ есебі бойынша 358 695 ЖЗШ ашылды.