Қазақстанда қыз алып қашу үшін жауапкершілік күшейтілмек

0
172

Бұл туралы Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл хабарлады. 

Қазіргі таңда қыз алып қашуға қатысты ұлттық құқық қорғау мекемесі қылмыстық заңнамаға бірқатар түзетулер, атап айтқанда жеке бапты енгізуді және жәбірленуші өз еркімен босатылған жағдайда қылмыскерді қылмыстық жауаптылықтан босатуды көздейтін Қылмыстық кодекстің 125-бабына ескертпені алып тастауды қарастыруда.

Сонымен қатар, Адам құқығы жөніндегі уәкілдің бастамасымен Қылмыстық кодекске «Неке қию мақсатында адамды ұрлау» деген 125-1 бапты енгізу туралы ұсыныс жолдап, оны Бас прокуратура қолдаған.

Мамандар мұндай тәжірибе Орталық Азия елдерінің ішінде Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан қылмыстық заңнамаларында әйелдерді некеге мәжбүрлеп тұрғызу мақсатында ұрлау туралы жеке бап бар екенін атап өтті. 

Айта кетейік, әлемде 736 миллион әйел физикалық және басқа да зорлық-зомбылыққа ұшырады. Оның 640 миллионнан астамы (87%) 15 жастан асқан қыздар мен әйелдер.

Ал Қазақстандағы көрсеткіш тіпті қорқынышты. Мәселен, тек соңғы екі жарым жылда үй агрессорлары 300 адамның өліміне себепкер болды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 913, ал денсаулыққа орташа зиян келтірудің 837 жағдайы тіркелді. 37 мыңнан астам адам әртүрлі жауапкершілікке тартылды.

Бұдан бөлек, мәжбүрлі некеге тұрған қыздардың серіктестерінің жыныстық, физикалық және психологиялық зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы да белең алып барады. Көбінесе мәжбүрліп неке құрған қыздарды білім мен мамандық алу мүмкіндігінен айырады, бұл олардың тәуелді және осал жағдайын одан сайын нашарлатады.

«Бұл ретте қыз алып қашуды халқымыздың дәстүріне жатқызып, оны ұлттық код санайтындар, абырой көретіндер әлі де бар. Соның кесірінен адам өмірі, оның келешек тағдыры тәлкекке түсіп, бағы баянсыз, өзі шарасыз хәлде қалатыны жасырын емес. Сондықтан да, екіжақты келісіммен ғана отбасын құруға үгіттейміз», – деп жазылған хабарламада.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз