52 адам қаза тапқан автобуста қалай өрт шыққаны анықталды

0
61
ҚР ІІМ ТЖК

Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев Ақтөбе облысында болған автобустағы өрттің негізгі нұсқасын атады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Е. Тұрғымбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта оқиға болған жерде тескеру жұмыстары аяқталды. Қайтыс болғандардың мәйіттері Өзбекстан Республикасына жөнелтілді. Онда бірқатар гендік сараптамалар жүргізіліп, қаза тапқандардың денелері туыстарына беріледі. «Негізгі нұсқаға сәйкес, өрттің басты себебі – отқа салғырт қарау», – дейді Е. Тұрғымбаев. Оқиға болған жерден жанғыш қоспа мен жанармаймен қолданылатын дәнекерлеу лампасы табылған.

Е. Тұрғымбаевтың мәлімдеуінше, тергеу органдары қазада аман қалғандардан 19 қаңтар күні жауап ала бастаған.

Ішкі істер министрі орынбасарының мәлімдемесіне сәйкес, аталған нұсқаны өрттен аман қалғандардың сөздері растайды. Автомобиль қозғалтқышы істен шығып, көлікте суық болғандықтан, дәнекерлеу лампасы жылытқыш ретінде қолданылған. Жылытқыш екі сағаттан астам уақыт қосылып тұрған, көлік салонында газ бен жанармай қоспасы  болғандықтан, жанармай қоспасы кездейсоқ төгіліп кетіп, аяқ астынан өрт болған. Кездейсоқ өрт салдары 5 минутта-ақ автобустағы жолаушылардың өмірін жалмады. Е. Тұрғымбаевтың айтуынша, бұл жол-көлік оқиғасы – қылмыстық істің нәтижесі емес. Оқиға орнын тексеру жұмыстары нәтижесінде, аталған автобустан бірде-бір суық қару, қару-жарақ, оқ дәрі немесе олардың қалдықтары табылмаған, яғни қылмыстық әрекет деген болжамдар толығымен жойылды.

Еске салсақ,18 қаңтар таңғы сағат 10.30-дарда Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында «Самара-Шымкент» автожолынан 1068 шақырым жерде жол қозғалысы кезінде «Икарус» маркалы жолаушылар автобусы өртке оранды. Салонда 55 жолаушы және 2 жүргізуші болған. Өрт салдарынан 52 адам оқиға орнында қаза тапты. Қаза тапқандардың барлығы да – Өзбекстан азаматтары.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз