Қарағандыда шахта жарылып, алты адам қаза тапты

0
337
Қарағанды, "Абай" шахтасы. Photo: Tengrinews.kz

 7 қараша, таңертең Қарағанды облысы Абай қаласында “АрселорМиттал Теміртау” компаниясына қарасты шахтада газ апаты болды. Апаттан алты адам қаза тауып, екі адам ауыр жарақатпен ауруханаға түскен. Бұл жөнінде Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.

Министрлік мәліметіне қарағанда, апат кезінде шахтада 64 адам болған, 56 адам өз бетімен шахтадан шыққан.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Қарағандыдағы Мақажанов атындағы ауруханаға 58 жастағы және 61 жастағы екі шахтер түскенін хабарлады.

– Газдың өткір исінен уланған екі пациент те реанимацияда. Қажетті медициналық көмек беріліп жатыр,– дейді басқарманың баспасөз қызметі.

Жергілікті билік құтқару жұмыстарына кіріскен. АМТ компаниясы мен Қарағанды облысының әкімі қайтыс болғандардың туыстарына көңіл айтты. Апат себебі анықтайтын мемлекеттік комиссия құрылған.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасына “Қайтыс болғандардың отбасына көмек беріледі”, – деп жазды.

Қарағанды облысының полиция департаменті Қылмыстық кодекстің “Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу” бабы бойынша іс қозғалғанын, тергеу басталғанын хабарлады.

ТЖ министрі: “Абай” шахтасы биыл тексеруден өткен

Төтенше жағдайлар министрі “Арселор Миттал Теміртау” компаниясына қарасты “Абай” шахтасындағы апат жайлы түсініктеме берді.

Министрдің сөзінше, мұндай сәтте жиі байқалатын жарылыс бұл жолы болмаған, электр жүйесі дер кезінде ажыратылған.

— Шахтада газ бірден еселеп көбейіп, дүмпу болған. Забойдағы алты адам өзін-өзі құтқару құралдарын пайдаланып та үлгермей өліп кеткен. Шахтаға кіре берісте тұрған екі адам сақтанып үлгерген, олар ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Дүмпу себебін комиссия тексеріп, технология процесінде ақау болған ба, жоқ па анықтайды, — деді Юрий Ильин.

Ильин президент тапсырмасы бойынша үкімет комиссиясы құрылғанын хабарлады. Қазір шахтаның суы сорылып, ауасы тазартылып жатыр. Содан соң комиссия оқиға орнына барады. Апатқа байланысты қылмыстық іс қозғалған. Министрдің сөзінше, күдіктілер бар.

Министрдің сөзіне қарағанда, өзге шахталардағыдай “Абай” шахтасында да газ дүмпуі болып тұрады, бірақ ол шекті мөлшерден аспаған. Биыл мамыр айында Қарағанды облысы өнеркәсіп қауіпсіздігі комитеті “Абай” шахтасының жұмысын тоқтату жөнінде экономика сотына талап-арыз жіберген. Онда электр құралдары мен тыныс аппараттарын пайдалану ережелерін бұзу секілді көптеген талаптар айтылған. Министрдің сөзінше, осы ескертулерден кейін кемшіліктер түзетіліп, шахта жұмысы жалғасқан.

“Абай” шахтасында 2008 жылы да осыған ұқсас ірі апат болған еді. Метан газының жарылысынан 14 адам жараланып, 30 адам қайтыс болған, оның 23-інің денесі жер бетіне шығару мүмкін болмаған.

Ірі металлургия комбинаты мен Қарағанды облысындағы бірнеше шахтаны басқаратын “Арселор Миттал Теміртау” – әлемдегі ең бай адамдардың бірі Лакшми Митталға тиесілі компания. Компания қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін көп сыналады, металлургия комбинаты мен шахталардың жұмысшылары еңбек шарттары нашар деп жиі шағым айтады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз