Қазақстан БҰҰ-ға төрағалық ететін Орта Азиядағы тұңғыш ел – Б. Джонсон

0
84

«Жоғарғы деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтар аясында экономиканы жаңғырту, инвестициялар көлемі мен екі ел арасындағы сауда айналымын өсіру мақсатында Қазақстан Ұлыбританиямен стратегиялық әріптестігін одан сайын нығайтады», – деп мәлімдеді 20 қарашада Лондонға жұмыс сапарын бастаған Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Форин-офистегі кездесу барысында Қазақстан СІМ басшысы мен оның әріптесі Борис Джонсон Қазақ-Британ Стратегиялық диалогінің кезекті отырысын өткізді. Қ. Әбдірахмановтың айтуынша, қазақ-британ дипломатиялық ынтымақтастығының орнатылуынан бері 25 жыл бойы Ұлыбритания қазақстандық экономика мен адами әлеуеттің дамуында маңызды рөл атқарып отыр. Ел қазақстандық экономикадағы ең ірі инвесторлардың алтылығына кіреді (12 млрд. долл. астам инвестициялар салынған) және Қазақстанның ең ірі сауда әріптестерінің бірі (2016 жылы екіжақты сауда айналымының көлемі 1,2 млрд. долл. құрады, 2017 жылдың 9 айы бойынша 1 млрд. долларға жуықтады) болып табылады. Бүгінгі күні британдық тәжірибе «Астана» Халықаралық қаржы орталығын құруда белсенді түрде қолданылуда. Мыңдаған қазақстандық студенттер, соның ішінде «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары жыл сайын британдық жоғары оқу орындарында білім алуда.

Өз кезегінде Б. Джонсон Қазақстанның Ұлыбритания үшін үлкен маңыздылығын атап өтіп, Лондонның Астанамен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға ниетін білдірді.

Сонымен қатар, Қ. Әбдірахманов пен Б. Джонсон жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады, оның ішінде Қазақстанның 2018 жылғы қаңтардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығы, Сириядағы ахуалды реттеу жөніндегі Астана процесі, Ауғанстандағы жағдай, Украина жөніндегі Минск келісімдерін жүзеге асыру, терроризмге қарсы әрекет, жаппай қырып-жою қаруын таратпау, Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастық және т.б.

«Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ететін Орталық Азияның тұңғыш елі болады. Жаһандық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға үміттіміз», – деді британдық министр.

Атап өтерлігі, Қ.Әбдірахманов Қазақстанда жоғары технологиялық жобаны пысықтаған британдық «Metalysis», және АХҚО-мен белсенді ынтымақтасып жатқан «TheCityUK» компанияларының басшылығымен, сондай-ақ 2016 жылғы Қазақстанға сапарын жылы еске алған «Financial Times» газетінің бас редакторы Лайонел Барбермен де сол күні кездесулер өткізді.

Сонымен қатар, сыртқы саясат ведомствосының басшысы Халықаралық қатынастар бойынша еуразиялық кеңестің (ХҚЕК) Қамқоршылық кеңесінің жыл сайынғы отырысына қатысты.

Сабина Сайлаубай

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз