Нұрсұлтан Назарбаев коронавирустан жазылды

0
165
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Photo: Twitter / Aidos Ukibay

Қазақстанды отыз жылдай басқарып, былтыр президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев коронавирустан айыққаны хабарланды. Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter парақшасында жазды.

Үкібайдың сөзінше, Назарбаевтың 2 шілдедегі анализі теріс нәтиже көрсеткен. Экс-президенттің баспасөз хатшысы “Назарбаев оқшауланып жұмысын жалғастыра беретінін” және “таза ауада серуендеуге уақыт бөлетінін” жазды. Үкібай твитінде Назарбаевтың орманда серуендеп жүрген суреті мен адамның қадамын санайтын мобильді қосымшадағы “42 минут, 2,5 километр” деген көрсеткіштің скриншотын жариялады.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа коронавирус жұққаны 18 маусымда белгілі болған. Тура 14 күннен кейін оның дерттен айыққаны хабарланды.

6 шілдеде Назарбаев 80 жасқа толады. Оның туған күні елде “Астана күнімен” тұспа-тұс. Былтыр Назарбаев президенттіктен кеткенде Астана қаласының атауы Нұр-Сұлтан деп өзгерген.

Қазақстан жыл сайын 6 шілдеде Астана күнін көп қаржы бөліп атап өтетін. Билік елде коронавирус өршіп, вирус жұқтырғандар 42 мыңнан асқан тұста екінші рет карантин енгізуге мәжбүр болды. Сондықтан биыл Астана күні онлайн форматта атап өтілмек.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз