Министр Цой: дәріні қымбатқа сатқандар жазаланады

0
81
Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. Photo: vlast.kz

Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой дәрі-дәрмекті шекті бағасынан қымбатқа сататын дәріханалардың лицензиясы тоқтатылатынын айтты. 

“Дәрі-дәрмекті шекті бағасынан қымбатқа сатқаны үшін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ал екінші рет заңды бұзғандардың лицензиясы тоқтатылады”, – деді Цой баспасөз мәслихатында. 

Бұдан бөлек, ол дәрі-дәрмекті рецептісіз сатқаны үшін де жауапкершілік барын атап өтті.

“Қазақстанда лицензиясыз, интернет арқылы дәрі сату фактілері анықталды. Мұндай жағдайларға заңмен тыйым салынуы керек”, – деді министр. 

Цой 2 маусымнан бастап өңірлік ауруханалар 28 мың пациент үшін вирусқа қарсы препараттармен қамтамасыз етілгенін айтты. Сонымен қатар, тағы 28 мың науқас үшін қосымша дәрілік препараттар сатып алу процедурасы жүріп жатыр. Дәрі-дәрмек 15 шілдеге дейін жеткізілуі тиіс. Соның арқасында дәрілермен қамтамасыз етілетін пациенттер саны 58 864 адамға жетпек.

Министр вирусқа қарсы терапия аурудың орташа ауыр және ауыр түрінде ғана қажет екенін айтқан.

Қазақстанда 5 шілдеден жаңа карантин басталады. Ел ішінде әуе және теміржол қатынасы сақталады, бірақ бірқатар шектеу көзделген. Өңірлер арасында қалааралық автобустар уақытша тоқтатылады.

Бұдан бөлек, қоғамдық көліктің жұмыс уақыты шектеледі. Сауда орталықтары мен базарлар, дәмханалар, қызмет көрсету орындары, басқа да нысандар жабылады. Қызметкерлердің басым бөлігі қашықтан жұмыс істейді.

Шектеу шаралары әзірге екі аптаға енгізіліп отыр, одан кейін карантин ұзартылуы немесе қатаңдатылуы мүмкін.

Карантин кезінде табысынан айырылғандарға үкімет 42 500 теңге төлемейді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз