Қазақ қолөнерінен көп балалы аналарға арналған мастер-класс өтуде

0
527

Нұр-Сұлтанда қазақ қолөнерінен көп балалы аналарға арналған 4 күндік мастер-класс басталды.

Дәстүрлі қолөнерді әспеттеп, халық арасында одан әрі кең тарауына септігін тигізуге атсалысып жүрген “Алтын Орда” тігін шеберханасының басшысы Ырза Тұрсынзаданың жетекшілігімен, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен “Дипломат” қонақ үйінде өткізіліп жатқан шеберлік сыныбына жүзге жуық көп балалы аналар жиналды.

Шеберлік сыныбына келген аналар үш күн бойына көне заманнан бері дәстүрге айналып келе жатқан төл кәсібіміз ою-өрнек пен құрақ көрпе, сондай-ақ қазақша көйлектер мен жейде сынды туындыларды тігуді үйреніп, шеберлік сыныптың соңғы күнінде өздері жасаған бұйымдардан конкурс ұйымдастырылатын болады. Сонымен қоса Ырза Тұрсынзаданың жеке мұражайында жинақталған қазақи қолөнердің тарихи жәдігерлерін тамашалайтын болады.

Аталған шеберлік сыныпта ұйымдастырылған конкурста жеңімпаз аналарға “Алтын Орда” тігін шеберханасының атынан марапаттау қағаздары мен шеберхана жетекшісі Ырза Тұрсынзаданың атынан жеке сыйлықтар үлестіріліп Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің атынан 50 тігін машинасы сыйға берілмек.

“Бала тәрбиелеп отырған аналар, қазақтың қыздары құр-қол қарап отырмасын, көше кезіп кетпесін, тым құрығанда өздері жақсы көріп айналысатын кәсіптері болсын деген ойдамын. Көп балалы аналардың мемлекет тарапынан, Үкіметтен баспана немесе ақшалай қаражат сұрап, ұрандап “митингіге” шығуы қаржылай жоқшылықтың мәселесін шешпейді. Оңай жолмен келген ақша тап солай оңай жолмен шығып кетеді. Біздің көп балалы аналарымыз керісінше қолынан іс келетінін дәлелдеп, жеке істерін бастауы тиіс. Аналарымыздың мұндай қолөнерден табыс табуына, қазақтың дәстүрлі бұйымдары мен құрақ көрпелерін, кимешек, көйлектерін қайта жандандыруына көмегіміз тиеді деген сенімдеміз”, дейді шеберхана жетекшісі Ырза Тұрсынзада.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз