Астанада «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Серіктестік. Сенім» тақырыбындғы VIII Азаматтық форум басталды. Екі күнге созылатын азаматтық форумның екінші күні Мемлекет басшысының қатысуымен өткізіледі деп жоспарлануда.
Форумның негізгі мақсаты – заманауи азаматтық қоғамды қалыптастыру, мемлекеттік басқару процестерінде азаматтық қоғам институттарын дамыту және азаматтық қатысуды жандандыру үшін диалог қатысушыларының күш-жігерін біріктіруге азаматтық сектордың, мемлекеттік органдардың, бизнес құрылымдардың, халықаралық ұйымдар мен сараптамалық қауымдастықтың ашық диалогын дамыту.
Форумның жұмысына ҮЕҰ, халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік және бизнес құрылымдардың, қоғамдық кеңестердің өкілдері қатысуда.
Форумның шеңберінде семинарлар, шеберлік сыныптары, дөңгелек үстелдер, пікірталас алаңдары, министрліктер мен ведомстволар басшыларымен салалық кездесулер форматындағы 35 тақырыптық сессия болады.
Тақырыптық сессиялар мемлекеттік органдарды жаңғырту, медиа және ашықтық, экология және қоршаған ортаны қорғау, әлеуметтік кәсіпкерлік және инновация, ІТ және Big Data, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, белсенді азаматтық қоғамды қалыптастырудағы ЖОО мен мектептердің рөлі және басқа да өзекті мәселелерді талқылауға арналады.
Форумның екінші күні Мемлекет басшысының қатысуымен «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Әріптестік. Сенім» тақырыбындағы пленарлы отырыс болады. Форумның қатысушылары 2020-2025 жылдарға арналған Азаматтық қоғам институттарын дамыту тұжырымдамасының жобасын талқылайды.
Сондай-ақ 13 орталық мемлекеттік органның бірінші басшыларының қатысуымен үкіметтік емес сектордың өкілдеріне арналған параллель салалық сессиялар ұйымдастырылатын болады.
Форум соңында ҮЕҰ салтанатты марапаттау (әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосқаны үшін) және «Таным» жүлдесін (ҮЕҰ, бизнес және еліміздің әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосқан мемлекеттік органдар үшін жүлде) табыстау рәсімі өтеді.