Әлемнің біршама халқы атап өтетін жаңа жыл мейрамына да санаулы күндер қалды. Бұл мерекені әр халық өзінше ерекше етіп атап өтеді. Әр ұлт өз елінің екершелігі мен салт-дәстүріне сай атап өтуге тырысады.
Тарихи мәліметтерге сәйкес жаңа жыл мейрамын әшекейлі шыршамен қарсы алу дәстүрге айналған.
Қазақ халқы үшін Жаңа жыл мерекесі 22-наурыз, яғни, күн мен түн теңескен қасиетті мезгілмен тұспа-тұс келеді. Аталған күні қазақ халқында ешкімді ренжітпей барша халықпен достық, бауырлас қарым-қатынаста болу қажет деген сенім бар. Барлық үйде мерекелік дастархан жайылып, қазақтың ұлттық тағамы «наурыз көже» әзірленеді.
Отбасылық саналатын Жаңа Жыл мереке сіз үшін айтарлықтай маңызы болмаса да, кезекті мерекелердің бірі ретінде әр күнді өз деңгейінде көңілді өткізген жөн. Ал жаңа жылды шыршасыз елестету мүмкін емес. Себебі жаңа жыл атмосферасын қалыптастыруда шырша бірінші кезекте тұрады.
Жаңа жылдық шырша алып үлгердіңіз бе?
Шахардағы шырша сататын дүкендер мен базарлардағы табиғи және жасанды шыршалардың бағаларын салыстыра отырып ұсынамыз.
Дүкендердегі жасанды шыршалардың бағалары кемінде орта есеппен 3 мың теңгеден басталып 40-45мың теңгеге дейін жалғасады.
Дүкендерден 3-3,5 метрлік метрлік шыршаларды 45 мың теңгеге алатын болсаңыз, 3м – 40 мыңның көлемінде таңдай аласыз.
Шыршаның 2,5м – 33-35 мың теңге болса, 2м – 25-30мың тг.
1м 80 см – 15 мың теңге тұрады. Сондай-ақ, көлемі мен ұзындығы бойынша шыршалар осындай ретпен 150см – 8,5 мың теңге, 120см 6 мың теңге және 60 см – 1мың 200 теңгеге бағаланады.
Табиғи шыршалардың да бағасы 2 мың теңгеден басталып 10 мың теңгеге дейінгі шыршаларды саты алуға болады. Нақтырақ айтқанда, төрт метрлік шыршаларды 9 мың теңгеге алар болсаңыз, одан қысқарақ шыршаларды ұзындығына қарай арзан ала аласыз.
Сонымен қоса шырша безендіргіш ойыншықтар мен жаңа жылдық мүсіндерге тоқталсақ: Шыршаны әсемдегіш заттар көлеміне қарай ең кішкентай түрлі-түсті ойыншықтар 300 теңгеден басталып 4,500 теңгеге дейін жалғасады.
Жаңа жылдық дайын түрде ұсынылған сыйлықтар мен аяз ата, ақшақардың мүсіндері де көлемі мен таңдауыңызға байланысты 5 мың теңге мен 30 мың теңге көлемінде болады.
Ұжымдық кештерді қайда өткізуге болады?
Жаңа жыл таяп қалды. Ұжымдар жаңа жыл кешін өткізетін мейрамхана қарастырып, қыз-келіншектер көйлек іздеп, әбігер басталып келеді.
Ұжымдық жаңа жыл кештерін қайда өткізетініңізді әлі таңдамаған болсаңыз назарларыңызға қаланың бірқатап ұтымды әрі ыңғайлы мейрамханаларын ұсынамыз.
«Garden Hall» – мейрамханасы жаңа жылда ұжымдық кеш өткізуді жоспарлап отырған қонақтарына асаба, шоу концерт пен адам басына құны 17 мың теңгелік кешкі ас мәзірін ұсынады.
«Альнур» – мейрамханасы адам басына 8мың теңгелік кешкі ас мәзірі мен мерекелік концерт ұсынып отыр.
«RUMI» – халал тағамдар асханасы кешкі сағат 00:00-ге дейінгі режимде жаңа жылдық кеш өткізу мүмкіндіктерін ұсынады. Дегенмен аяз ата мен ақшақар шақырылып жаңа жылдық шоу концерт қойылмайды.
«Hilton Garden Inn» – 22 мың теңгелік мерекелік ас мәзірі мен көңілді жаңа жылдық кеш сыйлайды.
Жаңа жылдық демалыстарды отбасымен қайда өткізуге болады?
Жаңа жылдық демалыстарда отбасыңызбен ЭКСПО аймағында ұйымдастырылған Мұз қалашығында серуендеуге мүмкіндік мол.
Мұз қалашығында ересектер үшін биіктігі 5 метрлік және ұзындығы 40 метрлік 2 сырғанақ жасалды, ал балалар болса, сәйкесінше 2,5 және 14 метрлік сырғанақтарда көңіл көтереді. Сонымен қатар, биыл мұз қалашығының тақырыбы – «ЭКСПО-2017: Болашақ энергиясы», сондықтан мұнда 1851 жылы алғашқы ЭКСПО көрмесінде лондондық Гайд-паркте салынған Хрусталь сарайдың және 1889 жылғы көрменің кірер қақпасы – Эйфель мұнарасының мұздан жасалған көшірмелері болады.
Қалашыққа кіре берісте 50 метр ұзындыққа созылған мұздан «Жаңа жыл 2018 Новый год» деп жазылған.
Биіктігі 6 метрлік әйгілі Дисней Лэнд сарайының көшірмесі балалардың ерекше қызығушылығын тудырмақ. Бұдан басқа, миньондардың, танымал комикстердің кейіпкерлерінің, найзағай Маккуинның фигураларының композициялары, сондай-ақ, Аяз Ата мен Ақшақардың үз метрлік мұз мүсіндері көпшілікті қуантпақ. Барлық мүсіндер колерді қоса отырып, мұз генераторымен құрылыс алаңында жасалатын түрлі түсті мұздан орындалады.
Мұнымен қоса, қала қонақтары биіктігі бір жарым метрлік 80 метрлік лабиринтте көңіл көтере алады. Қалашықтың периметрі бойынша футуристік стильде шағын архитектуралық пішіндер тұрады.
Мұз қалашығын жарықтандыру үшін екі жүзге жуық прожектор мен жарықтық LED трубкалар іске қосылды.
Тағы да бір Мұз қалашығы қалалық әкімдіктің алдындағы орталық алаңда ашылады. Мұнда мұз айдыны, коньки, ватрушкалар жалға алуға арналған контейнер, қоғамдық тамақтану пункті және үлкен LED экран болады. Сонымен қатар Аяз ата мен Ақшақардан басқа, Жаңа жылдық шыршаның айналасына шығыс күнтізбесіндегі 12 жануардың биіктігі 3,5 метрлік мұздан жасалған мүсіндері қойылады.
Айта кетейік, қалашықтағы конструкциялардың жағдайы бақыланып отырады, ауа райы жылынған және мұз еріген жағдайда, фигураларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.
Жадыра Аманбайқызы